Елімізде төлем қабілеті төмен жеке тұлғалардың өзін банкрот деп жариялау рәсімінің 3 түрін енгізу көзделген. ҚР Бірінші қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев мәлімдегендей, ең алдымен соттан тыс банкроттық рәсімін 12 ай ішінде қарызын өтей алмағандар қолдануға құқылы. Бұл ретте берешек 300 мың теңгеден аспауы және оның орнын толтыратын мүлкі болмауы керек. Сондай-ақ 6 ай ішінде 5 млн теңгеге дейінгі қарызын төлей алмай жүрген тұлғалар сотқа жүгінбей-ақ осы тәртіпті қолдана алады. Егер тұрақты кірісі болып уақытша төлеу мүмкіндігі болмаған жағдайда, борышкерге 5 жылға дейін қарызын өтеудің басқа мүмкіндіктері қарастырылмақ. Сот банкроттығы 5 млн теңгеден асатын берешек бойынша қолданылады. «Жекелеген сарапшылар тарапынан банкрот болған тұлғаларға мемлекеттік қызметпен айналысуға, қаржы мекемелерінде қандай да лауазымда қызмет етуге тыйым салуға қатысты ұсыныстар бар. Бұл мәселелер әлі талқыланады», – деді ҚР Бірінші қаржы вице-министрі.
Марат Сұлтанғазиев, ҚР Бірінші қаржы вице-министрі:
- Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылады. Одан түскен қаражат белгіленген тәртіпте кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады. Егер кепіл заты ретінде тұрғын үйі болса, онда кредитор оны сот банкроттығы кезінде алуға құқылы. Ал кепіл заты болмаса, онда кредиторлар оған талап қоя алмайды. Қалған өтелмеген сома борышкердің арам пиғыл белгілері болмаған жағдайда есептен шығарылады. Бірақ алимент және өзге адамның өміріне және денсаулығына келтірілген залал бойынша қарыздар есептен шығарылуға жатпайды.