«Болашақ бүгіннің өзінде». Дәл осындай атаумен Қазақстанда кезекті Нобель фестивалі басталды. Әрбір тілек білдіруші 4 күн ішінде тың ақпаратқа толы дәрістерді тыңдай алады. Трансляция ашық түрде бүкіл әлем бойынша жүргізіледі.
Nobel Fest – Қазақстан, Орталық Азия және Кавказдағы ауқымды әрі ықпалды ғылыми-білім беру форумы. Бұл жолы ауқымды шара «Жасыл шындық», «Инновациялар ғасыры», «Адамдар үшін экономика» және «Болашақ мамандықтар» тақырыптарын қозғады. Алдын ала ақпарат бойынша бүгінде тікелей эфирге 70 мыңнан астам тыңдаушы қосылған. Спикерлер қатарында әлемдік тарихшы және «Sapiens: Адамзаттың қысқаша тарихы» бестселлерінің авторы Ювал Ной Харари, Apple Siri негізін қалаушы Люк Джулия, әлемдік криптовалюта бойынша сарапшы Гаррик Хиллеман және басқа да көптеген танымал тұлғалар бар.
Серік Нөгербеков, G-Global халықаралық хатшылығының жетекшісі:
- Бұл іс-шараның ерекшелігі – тек теоретиктер ғана емес, сонымен қатар практиктердің болуында. Спикерлердің атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, олар – тек мұнда ғана емес, әлемге танымал адамдар, өздерінің жетістіктерінің арқасында жоғары деңгейге қол жеткізген жаһандық көшбасшылар. Біздің елдің азаматтарына осы фестивальге белсенді қатысып, білім алуларына кеңес беремін, сондай-ақ ұйымдастырушылар бұл шараны тегін өткізуде.