Өлең жолдарына өрілген өмір сабақтары. Елордада белгілі қазақстандық ақын, жазушы Егеухан Мұқамәдиқызының қос кітабы көпшілікке таныстырылды. Автордың 80 жылдығына арналған басылымға өлеңдерімен қоса, оның өз өмірінен естеліктер мен жазбалар еніп отыр.
Алғашқы туынды «Бұйырғын» деп аталады. Онда автордың туған өлкесі, мәдениеті және ұлттық салт-дәстүрлері туралы сыр шертер шығармалары, ой-толғаныстары топтастырылған.
Ал «Кінәлі қыз» атты екінші кітабына «Әжемнің әңгімесі» эссе-романы енген. Туындыда шытырман оқиғаға толы махаббат хикасы мен бір кездері тарихи отанынан кетуге мәжбүр болған қазақтардың тағдыры туралы әңгімеленеді.
Егеухан Мұқамәдиқызының шығармашылығымен таныс елорданың зиялы қауым өкілдері, жазушылар мен ақындар жылы лебіздерін білдірді.
Айгүл Кемелбаева, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, прозашы:
- «Кінәлі қыз» – өте шынайы шығарма. Мен бұл кітаптан киносценарий, дайын кинодраматургияны көрдім. Себебі детектив жанрындағы оқиға ретінде оқыдым. Туындыда көшпелі қазақтардың өмірі суреттеледі. Олардың өткенімен байланысы үзілмегені, жоғалмағаны туралы. Өте керемет, аң-таң болдым. Бұл роман атвобиографиялық, автордың өз өмірінен алынған және махаббат хикаясын баяндайды. Өте ауқымды дүние. Бір сөзбен айтқанда, өте керемет кітап.
Авторы: Ақзер Сегізбай