Қазақстандық белсенді нәзік жандылардың әлеуметтік бағыттағы жобаларын қолдау. Бұл мақсатта елімізде «JumpStart» инкубациялық бағдарламасы жүзеге асуда. Оған республика бойынша 18 бен 35 жас аралығындағы әйелдердің 20 тың жобасы іріктелді. Бағдарлама оларға идеядан бастап, жүзеге асыруға дейін тәлімгерлік етеді. Яғни, қатысушылардың іскерлік дағдыларын жетілдіру үшін арнайы оқу курстары ұйымдастырылды. Әрбірін білікті мамандар үш ай бойы төл кәсібін дамытуға септесетін заманауи инновациялық тәсілдерге үйретті. Енді қатысушылар өздерінің бастамаларын инвесторларға ұсынып, одан әрі дамытуға қаржы тартады. Бағдарлама бұған да демеу жасайды. Айта кетейік, аталған жоба Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қолдауын тапқан.
Әйгерім Джаналинова, «JumpStart» жобасының негізін қалаушы:
- Жасанды интеллект арқылы әлеуметтік әсерді қалай жетілдіруге болады деген сияқты түрлі тақырыптарға оқыттық. Яғни, қаржылық жағынан бизнесті қалай дамытуға болады, қалай инвестиция тартуға болады. Жыл сайын осындай жобаларды жүргізуге тырысамыз. әлеуметтік жобаларды қолдау үшін акселератор керек. Сондықтан біз оны наурыз айында бастаймыз деп ойлаймыз.
Сабина Жакиенова, «Alem Conneсt» жобасының үйлестірушісі:
- Біздің «Alem Conneсt» деп аталатын жобамыз жоғары технологиялық құрылғылар негізіндегі Қазақстандағы алғашқы инклюзивтік бастама деуге болады. Нақтырақ айтсақ айтрекермен жұмыс істейміз. Ол көздің қарашығы арқылы монитордағы кез-келген ақпаратты оқып, өңдеп сол әрекетті орындайды. Яғни, қоғамға бейімделу үшін мүмкіндігі шектеулі жандар оның көмегімен оқып, түрлі әрекеттер орындайды. Тіпті мамандық меңгере алады. Бүгінге дейін 67 баланы оқыттық. Олардың екеуі мектеп бағдарламасының 2-ші тоқсанын аяқтады. Қазір трейкердің әдістемелік қызметі қазақ тіліне аударылып жатыр.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

