Қазақстандық ғалымдар медициналық қалдықтарды жоюдың инновациялық әдісін ойлап тапты. Отандық плазмохимиялық реактордың баламасы жоқ. Бірегей қондырғы биоматериалды термиялық залалсыздандыруға мүмкіндік береді. Ол үшін енді медициналық қалдықтарды сұрыптаудың қажеті жоқ. Екі мың градус температураға дейін қызған пешке түскен кез келген зат қас қағым сәтте еріп, уытты компоненттердің ыдырауына жол берілмейді.
Александр Устименко, жоба авторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бөлім меңгерушісі:
- Біздің технологияның басты артықшылығы аса жоғары температураның қолданылуында. Жаңа әдіс бойынша реакторда медициналық қалдықтар әдеттегідей отқа жағылмайды, газдандыру арқылы ыдыратылады. Нәтижесінде тек таза экологиялық газ ғана пайда болады. Яғни бейтарапталған газ және таза экологиялық күл шығады. Дәстүрлі технологиядан басты айырмашылығы осы.
Бүгінде елімізде медициналық қалдықтар екі есе төмен температурада жағылады. «Бұл улы компоненттердің толық жойылуына мүмкіндік бермейді», – дейді ғалым. Инфекцияланған жоғары уытты медициналық қалдықтар адам денсаулығы үшін де, қоршаған орта үшін де қауіпті екені мәлім. Сондықтан оларды залалсыздандырудың өзге де тиімді әдістері қолданылып жүр.
Ақмарал Мейіәрманова, Нұр-Сұлтан қ. Сарыарқа аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары:
- Баламалы әдістер: автоклавтау, яғни қалдықтарды бу, су буы қысымымен өңдеу. Ол көбіне бізде медициналық ұйымдардың өзінде жүргізіледі. Мұның нәтижесінде атмосфералық қысым арқылы медициналық қалдықтардың құрамындағы зиянды микроорганизмдер жойылады.
Сондай-ақ медициналық қалдықтарды химиялық ерітінділерге салу немесе қысқатолқынды қондырғылар арқылы залалсыздандыруға болады. Олардың қатарына көп ұзамай отандық ғалымдардың плазмалық өңдеу әдісі қосылуы әбден мүмкін.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов