Неміс штруделі, әзербайжан долмасы, өзбек палауы мен қазақтың еті. Осының бәрі бір дастархан басында. Ол – еліміздің көпұлтты мәдениетінің айнасы іспетті. Ортақ тарих біріктірген түрлі этностардың өкілдері ұлттық күнтізбедегі маңызды мерекелердің бірін атап өтеді.
Людмила Набокова қоғамдық істермен айналысады. Алматыдағы немістердің мәдени-этникалық «Қайта өрлеу» қоғамын құрушылардың бірі. Бірлік халқымыздың басты игілігінің бірі деп біледі.
90-шы жылдардың басында еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген шақта, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа мерекелік күнді атап өту туралы қаулыға қол қойған болатын. 1 мамырда аталып өткен Еңбек күнінің орнын Бірлік күні басты. Бұл құжатқа 1995 жылғы қазан айында қол қойылып, жарты жылдан соң еліміздің барлық аймағында көпшіліктің қатысуымен мерекелік күн аталып өтті. Барлық аймақта Достық үйлері ашыла бастады.
Этномәдени орталықтар мен олардың бөлімшелері барлық облыста белсенді жұмыс атқарып келеді. Көркемөнерпаздар сайысын өткізіп, жексенбілік мектептер ашып, ана тіліндегі газеттерді шығарады. Басты мақсат – талай ғасырлық дәстүрді сақтап қалу.
Тарлан Карибованың отбасылық шежіресінде қасіретті кезеңдер аз емес. 40-шы жылдары халқының бәрін дерлік тұрақты жерінен басқа аймақтарға күштеп көшірді. Өздерімен бірге ештеңе ала алмады, үстіндегі киімдерімен кете барды. Вагондарға қариялар, әйелдер мен балалар тиелді. Көпшілігі жол азабын көтере алмады. Ал аман қалғандарын әр жерде шағын топпен түсіріп отырды. Осылайша ахысқа түріктері Қазақстанда пайда болды.