30 жыл еркіндік. Бір елді өзге мемлекеттерден ерекшелейтін не? Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктеріміз қандай? Алғашқы қадамдарымыз қандай еді? Бұл жайлы Қазақ ТВ арнасындағы «Өмірдің өзі мереке» бағдарламасынан біле аласыздар.
Кез-келген отбасы әуелі нені армандайды? Дұрыс. Баспаналы болуды қалайды. Бәрі идеядан басталады. Анығын айтқанда, эскизден. Отағасы болашақ үй-жайының шамамен қандай боларын болжайды. Бүкіл ойын қағаз бетіне түсіріп, сызады, сосын, макетін жасайды. Одан кейін орналасатын жерін нақтылайды. Содан кейін барып, үйдің іргетасы құйылады. Үйдің қанша жыл бұзылмай тұратыны осы іргетасының мықтылығына байланысты. Қорған болар мұндай үйді салу оңай емес. Ал жас мемлекет – біздің ортақ үйімізді құру тіпті қиын. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарын еске алғанда Тұңғыш Президент нақ осы мысалды алға тартқаны бекер емес.