Мықты әрі ұтқыр. Кәсіби әрі ширақ. Осы теңеулердің кез келгенін еліміздің әскеріне қарата айтуға болады. Салыстырмалы түрде қысқа ғана жылнамасы бар әскеріміз Тәуелсіздігіміздің қорғаны мен тірегіне айналды. Тәуелсіздіктің мерейтойлы жылы Қарулы күштер құрылғанының 29 жылдығын атап өтуде.
Қарулы күштер жылнамасы 1992 жылы 7 мамырда Тұңғыш Президент қол қойған жарлықтан басталды. Бұл – қазіргі Қазақстан әскерінің құрылған күні. Жиырма шақты жыл бойы Отан қорғаушы күні кәсіби мейрам ретінде ғана аталып өтіп, заңнамаға тиісті өзгертулер енгізілген соң, мемлекеттік деңгейде атала бастады.
Қарулы күштер Бас штабының алғашқы басшысы Бақытжан Ертаев Қазақстан әскерін құру туралы жаңалықты елден жырақта жүріп естігенін еске алады.
Отанында орасан өзгерістер болып жатқан еді. Еліміздің аумағында орналасқан ТМД елдерінің Біріккен қарулы күштеріне қарасты әскери бірлестіктер мен бөлімшелер, полигондар мен арсенал, қоймалар мен мүлік Бас қолбасшының жарлығымен Қазақстан құзыретіне өтті. Бір жылдан соң әскери доктрина қабылданады. Бұл құжатта Қазақстан әскери қимылдарды ешқашан бірінші болып бастамайтыны, еліміз ешкімге қауіп төндірмейтіні және басымдыққа ие болуға ұмтылмайтыны, жалпы күш қолдану саясаты мен жаппай қарулануды құптамайтыны жазылған.
Кадр мәселесі өзекті еді. Офицерлер жетіспейтін. Өзіміздің мамандар жоқтың қасы. Толғануға уақыт тығыз болғандықтан, Алматы училищесінің негізінде әскери академия құрылды. 11 бағыт бойынша мамандар даярлана бастады. Қысқа мерзімді курстар ашылды.
Мамандығы инженер, полковник Ыбыраев таңдаған кәсібіне ыждаһаттылықпен қарайды. Бір кездері Юрий Гагарин оқыған оқу орнына емтихан тапсырған. Үлкен конкурстан өтті. 20 үміткерден екеуін ғана таңдап алып еді. Алайда ұшқыш болу бұйырмапты, әскери комиссариаттан құжаттары кеш жетті. Бір жылдан соң оқуға қайта тапсырып, тек бұл жолы ұшқыштар емес, инженерлер училищесін таңдаған-тын. Ұшу барысында бәрі тек экипажға байланысты емесін түсінетін. Ендігі оның мақсаты – ұшақтарды дайындау. Бастапқы кезде оңай емес еді. Эксплуатация мерзімі аяқталып, жөндеу жұмыстарын қажет ететін. Бірақ ел басшылығы шешім қабылдап, жағдайды дер кезінде түзеп алды.
Ең әуелі – ұшақ. Осы ұранды ту еткен полковник Ыбыраевтың ұлы Абылай да әке жолын қуды. Мектепте оқып жүріп дайындала бастайды. Парашют спортымен шұғылданды. Авиация орталығы мен әскери училищеге түсерде жас курсанттың ұшу сағаттары баршылық еді. Кейін әуе қорғанысы әскери институтын аяқтап, алты жыл өткен соң, өзінің алғашқы мемлекеттік марапаты – «Ерлік үшін» медаліне ие болды. Ұшқыштар ауыр ұшақты күрделі жағдайда қондыра алды.
Жандос Байғазиев десант-шабуыл ротасын басқарады. Алматы әскери оқу орнының түлегі – астаналық элиталы бөлімшелердің біріне қабылданды. Оларды осылай атайтын себебі, кез-келген дерлік әскери тапсырманы мүлтіксіз орындайды. Қазір де сол тапсырма – жау қорғанысының түкпіріндегі плацдармды басып алу. Капитанның айтуынша, әскердегі қызмет жайлы мектеп жасынан армандаған. Әкесіне ұқсағысы келіп еді... Подполковник Жұмаділовтың қыздары да әкелерін мақтан тұтады. 2007 жылдың қазан айында ол отқа оранған үйден төрт адамды – анасы мен үш баланы аман алып шыққан еді. Сөйтіп «Халық қаһарманы» атағына ие болды... Шынайы оқиғалар уақыт өте көркем фильмдерге негіз болып жатады. Олардың кейіпкерлері де – шынайы өмірдегідей – отан қорғаушылар.
Өнердің биік үлгісін үйреніп, жаныңа жақын іспен шұғылдану. Болашақ отан қорғаушылардың алдында таңдау бар. Қазақстан әскерінде тек қаруды ұстауды ғана үйретпейді. Қарулы күштердің қатарында спортшылар мен музыканттар бар. Оралда түсірілген кадрда, жергілікті әскери бөлімшенің үрмелі аспаптар оркестрі әлемдік хиттарды орындауда.
Ал бұл – Мәскеу. «Спасск мұнарасы» фестивалі. 14 ел, 26 оркестр мен интернеттегі миллиондаған көрсетілім. Біздің әскерилер, әдеттегідей, үздіктердің қатарында.