Еліміздің туы үш түсті болуы да ықтимал еді. Республикамыздың мемлекеттік рәміздерінің пайда болу жолын тарихшылар айтып берді. Мемлекеттік рәміздердің болуы тиіс екені жайлы мәселе алғаш 1990 жылы маусым айында көтерілді. Академик Қозыбаев Қазақ КСР президентіне хат жолдаған екен. Ғалымның пайымдауынша, соғыс жылдары «сталинизм» реңімен жазылған республикамыздың әнұраны ауыстырылуы керек. Елтаңба да КСРО-ның ортақ елтаңбасынан көшірілген. Тудың да жайы осы. Ұлттық нақышы айқын дүние шығарар уақыт келді.
Көп ұзамай, Жоғарғы Кеңестің жанынан жұмыс тобы құрылады. Депутаттардан бөлек, оның құрамында ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері де болды. Байқау жарияланып, мемлекеттік рәміздердің үздік жобасы таңдалатыны айтылды. Сайысқа кез-келген адам қатыса алатын.
Жұмыс қызып тұрды. 4 айдың ішінде тудың 450-ден астам үлгісі жиналды. Ішінде жасыл түсті, қызыл түсті, тіпті, түрлі-түсті нұсқалары да болған. Ақыры кәсіби суретші Шәкен Ниязбековтың нұсқасы таңдалды. Автордың ойы бойынша туымыздың көгілдір түсі Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы рөлі мен орнын айқындап тұр. Қыран құс билік, айбындылық пен алғырлықты бейнелейді. Нұрға малынған алтын күн еліміздің әлемге құшақ ашқанын білдіреді. Ағаш сабына бекiтiлер тұсында ұлттық оюлармен кестеленген тiк жолақ өрнектелген.
Елтаңбаны таңдаған кезде тарихи дәстүр мен фольклорлық сарынға басымдық берілген. Жұмыс тобына елтаңбаның 245 үлгісі мен ондаған хат жолданыпты. Ішінен бір эскизге қатысты баршаның ойы бір жерден шыққан. Себебі мұнда бейнеленген элементтердің бірі ырыс-берекенің символы шаңырақ болатын.
Жандарбек Мәлібеков пен Шота-Аман Уәлихановпен бірлесе отырып жасаған нұсқа елтаңба ретінде таңдалды. Шаңырақтан уық тарап тұр. Оң және сол жақ бетінде мифологиялық тұлпар – қанатты пырақ суреттелген. Жоғарғы жағында бес бұрышты жұлдыз, төменгі тұсында «Қазақстан» деген жазу тұр. Бәрі алтын жалатылған. Мұндағы әр элемент – тарихтың кескіні. Қос автор да Мемлекеттік символдар бойынша Республикалық комиссияның құрамына кірген болатын.
1992 жылдың 4 маусымы. Мемлекет басшысы Жоғарғы Кеңестің VIII сессиясының жалпы отырысына қатысады. Онда мемлекеттік ту мен елтаңбаны бекіткен болатын. Әнұранның музыкалық редакциясына байланысты өзгерістер жасау керегі жайлы шешім де сол кезде қабылданды. Жұмыс тобына ұсынылған 750 жобаның ішінен қазақстандық композиторлар Мұқан.
Жаңа әнұран 2006 жылы бекітілді. 11 қаңтарда ол алғаш рет Президент инаугурациясы кезінде орындалды. Әнұранға ел ішінде кең таралған «Менің Қазақстаным» атты патриоттық ән негіз болды.