Дауасы әлі күнге табылмаған,
Жеткізген кер заманның зарын маған.
Семейдің қасіреті жұмбақ кітап,
Парағы жылдар бойы қалыңдаған…
Тарихшылардың айтуынша, Семей полигонының жабылуына Нұрсұлтан Назарбаев барынша ықпал еткен. Министрлер кеңесінің төрағасы кезінде ол аймақтағы экологияны қадағалау комиссиясын құру жайлы бастама көтереді. Өзі сол комиссия құрамына кіріп, алғашқы қорытындылармен танысқан соң, сынақтарды тоқтату мәселесін көлденең қойды.
Ұлттық ғылыми медицина орталығының басшысы 1980 жылдың соңында «Дәрігерлер ядролық соғысқа қарсы» атты қозғалыстың қатарына қосылған болатын.
Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де белсенділік танытты. 1989 жылдың мамырында Мәскеуде Жоғарғы Кеңес мінберінен осы өзекті тақырыпты алғаш сөз етті. Оның баяндамасы көпшіліктің наразылығын тудырды. Нұрсұлтан Назарбаевты «Кеңес Одағының қорғаныс саласын әлсіретпекші» деп айыптады. Алайда Тұңғыш Президент мұның бәріне төтеп беріп, Одақ үкіметін полигонды жабу мәселесін талқылауға мәжбүр етті. «Халықтың талабы осы болатын», – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөйтіп 1990 жылы еліміздің шығысында бірде-бір жарылыс болмаған. Ал тағы бір жылдан соң, көптен күткен қаулы шығарылды. Алғашқы сынақтардан бастап осы қаулыға дейінгі аралықта бақандай 40 жыл уақыт өтіпті.
Жапонияға тасталған бомба. Семейде полигон ашу туралы арнайы қаулы. Алғашқы атом бомбасының, ал төрт жылдан соң, термоядролық қарудың сынағы. Құпия құжаттарда тамыз айы жиі аталады. Қай жағынан алсақ та – атомды ай. 29 тамызда зұлмат әкелген полигон жабылып, БҰҰ Бас ассамблеясы нақ осы күнді – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн деп бекіткен болатын.