Түркістанда қолөнершілер қалашығы ашылады. Ол 2 жарым мың гектардан астам алаңда орналасып, келер жылдың көктемінде қолданысқа берілмек. Туристік кешеннің іске қосылуы облысқа туристер тартып қана қоймай, сонымен қатар мәдениет пен мұраны сақтауға сеп болады. Жаңа қалашық бірнеше аймақтан, қонақ үйлер, мейрамханалардан тұрады. Арнайы виртуалды орталық келушілерді ұлттық тағамдармен таныстырады. Бұдан бөлек мұнда он саусағынан өнер тамған шеберлерге өндірістік шеберханалар, барлық қажетті жабдықтар орнатылады. Осылайша қолөнершілер шығармашылығын кеңінен көрсете алады.
Жұпар Бейсенова, қолөнер шебері:
– Біз енді сатушы емеспіз ғой, өндіретін жасаушы шеберміз. Біз магазинге ұсынған кезде, олар өздеріне қажетті пайызды қояды. 50 пайыз, 70 пайызқоя ма, екі-үш есе қымбат сататын шығар. Ол өтпей жылдар бойы тұрып қалады.
Қолөнершілер қаласында бұйымдарды одан әрі нарыққа шығаруды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Қазақстанның басқа өңірлерінен немесе шетелден келген қонақтар делдалдарсыз өндірушілерден тікелей ұйымдастырылған шоу-румнан кәдесыйлар сатып ала алады. Қазір қалада орналасатын шеберлердің тізімі жасалуда. Әзірге 25-і іріктелінді, дегенмен тізім әлі толыға түспек. Себебі ниет білдірушілер өте көп.
Нұрдәулет Медеуов, облыстық туризм басқармасының басшысы:
– Облысымыздағы барлық қолөнершілердің ішінде танымал, нарықта белгілі, халықаралық деңгейде танылған шеберлердің барлық жұмыстарына зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Қазір әрқайсысының профайлдарын жасап жатырмыз. Сосын біз шамамен 6-7 қолөнердің бағытын айқындап отырмыз.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта қолөнершілер қаласының бренді қабылданатынын айтып отыр. Ол шеберлердің жұмыстарының танымалдылығын, кәдесыйлар мен бұйымдарға сұранысты арттыра түседі. Осылайша көшпенділер мәдениетіне әлемдік қызығушылық та арта түспек.
Әсел Күшенғалиева