16 желтоқсан қазақстандықтар мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күнін атап өтеді. 32 жыл бұрын – 1991 жылы елдің Жоғары кеңесі егемендік туралы Конституциялық заң қабылдады. Егемендікті жариялау сол кездегі жалғыз дұрыс шешім болды. Сонымен қатар, жаңа тарихи кезеңнің бастамасы екені де көпшілікке аян. Тәуелсіздік жылдары кезінде еліміз тар жол, тайғақ кешуден өтіп, аяғына нық тұрып, күшті мемлекет атанды. Бүгінде Қазақстан тұрақты дамып, инвестициялық, экономикалық, көлік-логистикалық әлеуетін арттырып келеді. Оның үстіне елде үлкен саяси модернизация мен трансформация жүріп жатыр.
Талғат Қалиев, Қолданбалы
этносаяси зерттеулер институтының директоры:
– Былтыр –
реформаларға толы жыл болды деуге болады. Биыл соларды тұрақтандыру, кейбір
түзетулер енгізу жүріп жатыр. Конституциямызға да бірқатар түзетулер енгізілді.
Конституциялық сот қайта құрылып, жергілікті атқарушы органдардың билігіне
басымдық берілді. Сондай-ақ, сайлау заңнамасы да өзгеріп, мажоритарлық
депутаттар институты қайтарылды. Қазір де, аудан мен облыстық маңызы бар
қалалардағы әкімдерді сайлау жүйесі енгізілді. Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттығына
үміткерлердің жартысы дерлік, бірмандаттық округтерден сайланды.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан халықаралық аренада бірқатар жетістіктерге жетті. Бүгінде еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының толыққанды мүшесі әрі Шанхай Ынтымақтастық, Еуропа Ынтымақтастық және Қауіпсіздік, тәуелсіз мемлекеттер Достастығы, Түркі мемлекеттері, МАГАТЭ, ЮНЕСКО секілді ұйымдар аясындағы әріптестікті нығайтуға сүбелі үлесін қосып келеді. Еліміз ғаламдық өзекті мәселелер мен қалыптасқан ахуалдар талқыланатын диалог алаңы ретінде де таныла білді. Оның үстіне, Қазақстан антиядролық қозғалыс пен бітімгершілік бастамалар арқылы зор бедел жинады.
Ермек Тоқтаров, ҚР
Президенті жанындағы Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институтының бөлім
басшысы:
– 1991 жылдан
бастап, Қазақстан Республикасы көпвекторлы сыртқы саясат жүргізіп келеді. Уақыт
көрсеткендей, түрлі геосаяси ахуал болған жағдайда бұндай саясат, әлемнің
түкпір-түкпіріндегі кез келген мемлекетпен достық әрі серіктестік қатынас
орнатуға көмектеседі. Оның үстіне, Қазақстан Президентінің 2023 жылғы
кездесулерін алып қарайтын болсақ, біздің беделіміздің айқын көрінісі. Ішкі
саясат та, ұмыт қалмайды. Себебі, біз әрқашан мемлекеттік басқаруда да,
жергілікті басқаруда да халық игілігі үшін ең тиімді әдістерді іздеп келеміз.