Қазақстанда 15-қарашада Ұлттық валюта күні аталып өтуде. Осыдан тура 31 жыл бұрын дәл осы күні теңгенің тарихы басталып, ол еліміздегі жаңа төлем бірлігіне айналды. Содан бері төл ақшамыз түрленіп, талай өзгерді. Мәселен былтыр цифрлық теңге айналымға енді. Ал, келер жылдың бірінші тоқсанында жаңа «Цифрлық инвестициялық монета» жобасы іске қосылмақ. Бұл теңгені әлемнің кез келген нүктесінен online сатып алуға және сатуға болады. Сандық үлгідегі ÚKI инвестициялық монетаның құны Лондон бағалы металдар нарығына қатысушылардың қауымдастығы белгілеген алтынның салмағы мен бағасына сай және АҚШ долларының айырбас бағамы негізінде теңгемен есептелетін болады. Аталаған монета «Көшпенділердің ғибадат жануарлары – тотемдері» сериясындағы коллекциялық тиындар стилінде жасалған. Ал, бүгін теңге күніне орай Қазақстанда банкаралық ортақ QR төлемдерін енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылып, алғашқы транзакция жүргізілді. Қазіргі таңда жүйеге қатысатын қаржы ұйымдарын кезең-кезеңімен қосу іске асырылуда. Оны кең көлемде қолдану 2025-ші жылға жоспарланған. Жоба ел азаматтарының QR төлемдерін жылдам және ыңғайлы жүргізуі қамында қолға алынған.
Жеңіс Ермұқанов