Елордада астыртын жұмыс істеген майнингтік ферма анықталды. Қаржылық мониторинг агенттігі оның электр тарату желісіне заңсыз қосылғанын хабарлады. Тексеру барысында фермадан «Bitcoin» криптовалютасын жасауға арналған 159 майнинг құрылғысы анықталды. Олар былтыр қараша айынан бастап осы күнге дейін құны 21 млн теңгеден асатын криптовалюта басып үлгерген. Бүгінде цифрлық майнинг нысандарын тексеру Қазақстанның барлық аумағында жүргізіліп жатыр. Мобильді топтар бес күн ішінде жалпы қуаты 200 мегаваттан асатын 13 майнингтік ферманы анықтап, жұмысын тоқтатқан. Астыртын нысандар Ақмола, Қарағанды, Павлодар және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында анықталды.