Қазақстанда бидайдың құрғақшылыққа төзімді сұрыптары шығарылды. Ақмола облысының ғалымдары жұмсақ және қатты бидай тұқымдарын он жылға жуық зерттеген. Енді олар алдағы жылдары сынақ алқаптарына жіберіліп, жаппай себуге ұсынылмақ. Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының мамандары жаңа өнімдердің қуаңшылыққа төзімділігі артатынын айтады.
Ирина Ошергина, Астық шаруашылығы орталығының бөлім жетекшісі:
- Әлі атауы анықталмаған жұмсақ бидай желісі әзірленіп жатыр. Бірақ одан шыққан ұнның сапасы стандарт деңгейде, тіпті одан да жоғары болады. Ал басты параметрлердің бірі – ол құрғақшылыққа төзімділік. Қатты бидайға қойылатын талаптары бар. Негізгі талап, әдеттегідей, өнімділік пен құрғақшылыққа төзімділік. Сонымен қатар бұл түрі үшін макаронның қайнатылуы да кіреді.
Ал шығысқазақстандық биолог-ғалымдар картоптың 60-тан аса түрінен жаңа сұрып алып, оны жерсіндіру жолдарын әзірлеп жатыр. Бұл селекциялық жұмыстың ерекшелігі ешқандай пестицидтер мен тыңайтқышсыз-ақ өсімдікте болатын он түрлі қауіпті ауруға төтеп бере алатындығында. Жаңа картоп тұқымын даярлауда ғалымдар осыған басымдық берген. Сондай-ақ бұл сұрыптар шығыстың табиғатына бейімді болып келеді. Олардың түсімі де жоғары болмақ. Егер жер құнарлы болса, гектарынан 35-40 тоннаға дейін өнім алуға болады деген болжам бар.
Максим Сутула, зертхана меңгерушісі:
- Бүгінге дейін біз картоптың жаңа сұрпы бойынша 25 түрін әзірледік. Жалпы 60 түрлі сұрпын зертханалық сынақтан өткізіп жатырмыз. Басты ерекшелігі – табиғаты қатал, жазы қысқа өңірге бейімдеу.
Жергілікті селекциядан өткен өнімді қазақстандық аграршылар қазірдің өзінде сатып алуда.