Қазақстанда 12 заманауи перинаталдық орталық салу және 15 балалар
ауруханасын қайта жаңарту жоспарлануда. Республиканың Денсаулық сақтау
министрлігінде 2030 жылға дейінгі ана мен бала денсаулығын қорғау қызметін
дамыту жөніндегі жоспар мен салада қол жеткізілген нәтижелер айтылды. Атап
айтқанда, бүгінде елімізде медициналық қызметтердің ауқымы кеңейіп,
технологиялар белсенді түрде жаңартылуда, Перинаталдық көмек пен ана болудың
тиімді технологияларын аймақтандыруға қатысты ДДҰ мен ЮНИСЕФ-тің халықаралық
стандарттары мен ұсынымдары енгізілуде. Қазақстанда клиникалық хаттамалар қайта
қаралып, акушерлік және педиатриядағы тәсілдер жаңғыртылды. Сонымен қатар,
ахуалдық орталықтар желісі кеңейтілді, жүкті әйелдерді тексеруге қолжетімділік
артты. Мысалы, жүкті әйелдердің электрондық карталары, хабарландыру қызметі
енгізілді, ал осы жылдан бастап баланың сандық денсаулық профилі 18 жасқа дейін
енгізіледі. Атқарылған жұмыс оң нәтиже беріп жатыр. 2024 жылы ана өлімі 12%
-ға, нәресте өлімі 11% -ға төмендеді. Ал биылғы алғашқы жарты жылда - тиісінше
10 және 26 пайызға азайды. Осындай нәтижелі төмендеу қарқыны бойынша республика
әлемде 4-ші және 9-шы орында.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Соңғы жылдары ана мен бала өлімін 6 еседен
астам төмендете алдық. Мемлекет басшысы заманауи перинаталдық ортиалықтардың
құрылысын жалғастыруды тапсырды. Ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін барлық
қажетті құжаттаманы дайындауды аяқтап, Шымкент пен Қарағандыда осындай
орталықтардың құрылысын бастау қажет. Әйелдерді жүктілікке дайындауға,
ауруларды уақытылы диагностикалау мен сауықтыруға бағытталған «Аналар саулығы»
бағдарламасын сапалы әрі барлық өңірде толыққанды іске асыру керек. Елдің
орталығынан ең шалғайдағы ауылдарға дейін барлық тұрғындардың сапалы әрі
қолжетімді медициналық көмек алуын қамтамасыз ету қажет.

