Қазақстан COVID-19 вирусының таралуы бойынша «жасыл» аймақта орналасқан. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.
Оның айтуынша, елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді. Осылайша, COVID-19-бен сырқаттану деңгейі бойынша «қызыл» аймақта тек елорда ғана қалып отыр. Коронавирустық инфекцияның жаңа жағдайларына келетін болсақ, соңғы аптада олардың саны елімізде 16% төмендеді. Вирустың репродуктивтік индексі 0,9% құрайды. Инфекциялық және реанимациялық төсектер жүктемесі төмендеуде. ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қосымша шаралар қабылдауды тапсырды. Ал елорда әкімдігіне сан-эпидем шараларды сақтауға және халықты вакциналауға ерекше назар аударуды жүктеді.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Бетперде тағу режимі, әсіресе, ғимарат ішінде сақталады. Мониторингтік топтар жұмысты жандандырсын! Өздеріңізге белгілі, аймақтағы көршілерімізде аурудың өсуі байқалады, сондықтан қосымша алдын алу шараларын қабылдау қажет. Бірінші кезекте бұл – вакцинамен қамтуды ұлғайту. Вакциналауды одан әрі кеңейтіп, күнделікті қарқынын барынша өсіру қажет.
Үкімет басшысы «Ashyq» қосымшасын одан әрі енгізуді, халықты вакциналауға ынталандыруды тапсырды.
Авторы: Бану Тәжібек