Атырау облысында Қазақстанның Батыс аймағының электр желілерін нығайту мақсатында салынған жаңа электр желілері іске қосылды. Ресми қосу рәсіміне телекөпір арқылы Премьер-Министр Әлихан Смайылов қатысты. Желінің өткізу қабілетін арттыру және Қазақстанның Батыс аймағындағы тұтынушыларды тұрақты энергия қуатымен қамтамасыз ету мақсатында компания «Батыс Қазақстан энергетикалық торабы – Атырау – Маңғыстау» бағыты бойынша жалпы ұзындығы 780 шақырымға жуық 220 кВ бес электр беру желісін салды. 4 мыңнан астам электр бағаналары орнатылып, бірнеше қосалқы станцияларды кеңейту қамтамасыз етілді. Қазақстандық қамту үлесі шамамен 70% құрады. Әлихан Смайылов өз сөзінде стратегиялық маңызды жобаның Батыс аймағының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экономикалық дамуы үшін маңызы зор деп атап өтті. Бұдан басқа, желіні нығайту Қазақстанның бірыңғай электр энергетикасы жүйесімен интеграциялануына негіз болмақ.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Мұның барлығы электр желілерінің өткізу қабілетін екі есеге ұлғайтуға, сондай-ақ еліміздің батыс өңіріндегі тұтынушылар үшін энергоблоктарда, оның ішінде МАЭК станциясында авариялық жағдайлардың санын едәуір азайтуға мүмкіндік береді.
Нәби Айтжанов, «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы:
– «Индер» қосалқы станциясында орнатылған басқарылатын қосымша реакторлар кернеуді ауыстырмастан тұрақтандыратын бірегей кешен болып табылады. Ол сондай-ақ белсенді және реактивті қуат ағынын жылдам басқаруға мүмкіндік беретін ұзақ электр беру желілері мен тарату желілерінің ысыраптарын азайтып, жұмысының сенімділігін арттырады. Жобаны іске асыру нәтижесінде электр желісінің қуаттылығы айтарлықтай ұлғайтылады. «Батыс Қазақстан энергетикалық торабы – Атырау» учаскесінде 100 МВт-тан 200 МВт-қа дейін, «Атырау – Маңғыстау» учаскесінде 50 МВт-тан 200 МВт-қа дейін. Қазақстандық қамту үлесі 68% құрады.