Президенттің жыл сайынғы Жолдауы - елдің алдағы жылға арналған дамуына бағыт-бағдар сілтейді. Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі міндеттерді айқындады. Мемлекет басшысы бұл жолы да инвестицияларға ерекше назар аударды. Ол жаңа инвестициялық кезеңді бастау керектігін алға тартты. Қаражат шикізат секторымен қатар, өңдеу саласына да көбірек тартылуы қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық саясатқа жаңаша көзқараспен қарау керектігін баса айтты. Жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік берілуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Экономикамыздың жоғары технологиялық салаларына бір миллиард долларға дейін инвестиция тарту туралы бағдарлама әзірлеу қажет. Оны Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп дайындауға тиіс. Жаңа инвестициялық кезеңді ойдағыдай бастау маңызды. Екінші дәрежелі банктер нақты секторға белсенді түрде қаржы салуы керек.
Банктер туралы заң қабылдау осы бағыттағы маңызды қадам болмақ. Бұл заңда экономиканың сұранысы мен технологиялық өзгерістер ескерілуі қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Құжатта бәсекені күшейту, нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, қаржы жүйесіндегі технологияларды ілгерілету және цифрлық активтер айналымын ырықтандыру мәселелері қамтылуы керек.
Қаржы жүйесін жетілдіру жағы да назарсыз қалмады. Президент стратегиялық крипторезерв жинақталатын ифрлық активтердің қорын құруды тапсырды. Ол цифрлық теңгенің қолдану аясын одан әрі кеңейту қажеттігіне тоқталды. Оны республикалық және жергілікті бюджет пен мемлекеттік холдингтердің жобаларында пайдалануға болады. Өңірлерге инвестициялар тартуда арнайы экономикалық аймақтар мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға ерекше рөл беріледі. Мемлекет басшысы олармен де жұмысты өзгерту қажет деп атап өтті. Бірінші жағдайда - басқаруды жеке компаниялардың қолына беру, ал әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды даму институттарына айналдыру қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Инвестиция тарту – орталық атқарушы органдардың ғана міндеті емес. Осы маңызды жұмысқа жергілікті билік те атсалысып, бәрі жұмыла жұмыс істеуге тиіс. Әкімдердің аймақтағы инвестициялық ахуалға тікелей жауапкершілігін белгілеу керек. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі аймақтардың инвестициялық тартымдылық индексін енгізуге тиіс. Мүмкін, бұл жұмысқа тәуелсіз сарапшыларды тартқан жөн болар.

