Қазіргі таңда еліміздің ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестік деңгейі 82% бағаланып отыр. Осы көрсеткіш бойынша Дания мен Польша сияқты Еуропалық одақ елдерімен тереземіз теңесті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Үкімет отырысында осылай деп мәлімдеді. Марат Қарабаевтың айтуынша, бұл өз кезегінде Қазақстанды әуе транзиттері үшін тартымды ете түскен. Мәселен, былтыр осы бағытта көрсетілген қызмет көлемі 410 мың ұшаққа жеткен. 2021 жылмен салыстырғанда өсім бірден 90% құрады.
Марат Қарабаев, индустрия жне инфрақұрылымдық даму министрі:
- Қауіпсіздік деңгейінің үздіксіз өсуін қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылы еуропалық модель негізінде азаматтық авиация жүйесі түбегейлі реформаланды. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі құрылды. Оған заңнамалық деңгейде азаматтық авиация саласындағы бақылау-қадағалау функциялары берілді. Осы ұйым құрылған сәттен бастап 934 тексеру және сертификаттау жүргізіліп, ұшуды орындау үшін 1 500-ге жуық рұқсат ету құжаттары берілді
Әуе қатынасын таңдайтын жолаушылар саны да артып келеді. Былтыр отандық компаниялар 11 млн адамды тасымалдаған. 2021 жылдан 17% көп. Жалпы бүгінде 27 елмен 100 астам бағыт бойынша әуе байланысы орнаған. Биыл тағы елімізден 9 жаңа халықаралық бағыт ашу жоспарланған. Тың үрдіс алдағы жылдары да жалғасын таппақ.
Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:
- 2025 жылға қарай әлемнің 17 қаласына соның ішінде Нью-Йорк, Женева, Сингапур, Вена, Париж қалаларына жаңа рейстер ашылады. Халықаралық маршруттарды кеңейту басқа елдермен сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді.