Коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген шектеулер киноөндіріске тағы соққы берді. Бүгінде астаналық кинотеатрлардың иелері орасан зор шығынға ұшырадық деп дабыл қағып отыр. Соңғы 1 жыл ішінде көрермендер саны 2 еседен көп азайған. Ал енді олардың жұмысына мүлдем тыйым салынып отыр. Қолға алынған шаралар кәсіпкерлердің қызметкерлерге екпе салдыру, залдарды залалсыздандыру, әлеуметтік арақашықтық пен санитарлық нормалардың сақталуына қарамастан енгізілген. Тіпті, «Ashyq» жүйесі бар жерге де қатысты.
Дмитрий Кириенко, кинотеатрдың коммерциялық директоры:
- Әрине бизнеске үлкен шығын келтіріп отыр. Бізде жалдамалы жұмыс істейтін адамдар саны көп. Әсіресе жастар арасында. Біз оларды ашық және жабық кинотеатрларда жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек. Мұның бәрі несие берушілермен, сауда орталықтары иелерімен қарым-қатынасымызға тікелей әсер етеді. Бұл реттегі ең қолайсыз жағдай – қолданылған амалдың субъективтілігі, шешім қабылдауда біркелкілік жоқ, әр қалада олар әртүрлі тәсілдермен жасалады.
Дмитрий Кириенконың айтуынша, бұл пандемия кезінде Нұр-Сұлтан қаласында кинотеатрлардың 3-ші рет жабылуы. Дегенмен Алматы қаласында әлі нысандар жұмысын жалғастырып келеді. Арнайы сұхбат берген спикер тұрақты түрде енгізіліп келе жатқан шектеулерге байланысты бизнесті қалпына келтіру мүмкін емес дейді. Адам санының аз жиналуына байланысты ірі фильмдер экранға шықпай тұр. Кинотеатрларды қолдау орталығы кәсіпкерлерге қазір жұмыс істеуге рұқсат берілмесе, ертең олар біржола жабылып қалуы мүмкін деген болжам жасап отыр.
Бауыржан Шүкенов, кинотеатрларды қолдау орталығы басшысының орынбасары:
- Егер жыл соңына дейін Үкімет кинотеатрларға қолдау көрсету бойынша шаралар қабылдай алмаса, 2025 жылға дейін, ең болмағанда 2018-2019 жылдардағы деңгейге жете алмайды. Көмек, қолдау әрине өте қажет. Кез келген киноиндустрияның негізі – кинотеатр болып келеді. Мұнда барлық кинопрокаттың негізгі монетизациясы жүреді. Оны тәуелсіз өндірістік компаниялар жүзеге асырады, оның ішінде мемлекеттік те бар.
Сонымен қатар билеттер сатылымы әлі де аз.
Айта кетейік, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша кинотеатрлар пандемияға дейін 2 жылда тапқан сомасын да жинай алмады. Сондай-ақ Қазақстанда жаңа фильмдер түсіруге бұрын шамамен 10 млрд теңге бөлінген, бұл да өзін ақтамауы мүмкін.
Бауыржан Шүкенов, кинотеатрларды қолдау орталығы басшысының орынбасары:
- Бұл фильмдер қазірдің өзінде прокатқа шығарыла бастайды. Ал оны қай кезде, қай жерде көрсететініміз белгісіз. Кинотеатрлардағы жағдай өте қиын. Бірінші жартыжылдықтағы залдардың толу коэффициенті 15% жеткен жоқ, дегенмен жоспарланған сыйымдылық 25% құрауы керек. Енді өзіңіз есептеп көріңіз.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда 100-ге жуық кинотеатр жұмыс істеп тұр. Оларға биліктен қолдау қажет. Әсіресе, елорданың кәсіпкерлері ең көп зардап шекті. Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласының бас дәрігері залдардың ашылуы туралы әлі әңгіме болуы мүмкін емес деп жауап берді.
Авторы: Әсел Күшенғалиева