Қазақстан астанасында Ұлттық құзыреттер орталығы құрылады. Ол елдегі бизнес пен оқу орындары арасындағы диалог алаңы және кадрларды даярлау жүйесі рөлін атқарады, сондай-ақ отандық студенттерге халықаралық кәсіби шеберлік конкурстарына қатысу үшін жаттығу базасына айналады. Премьер-Министр WorldSkills Kazakhstan 2024 ұлттық чемпионаты қатысушыларымен кездесу барысында оқу-ағарту министрлігіне Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп аталған орталықты құруды тапсырды. Еске сала кетейік, колледж студенттері арасында салалық жұмысшы мамандықтарындағы құзыреттілік деңгейі бойынша жарыс өтті. Олжас Бектеновтің айтуынша, ел Президенті жариялаған жұмысшы мамандықтар жылы техникалық және кәсіптік білім берудің бүкіл еліміз үшін ерекше маңыздылығын көрсетеді. Дәстүрлі дода Қазақстанда кәсіби техникалық дағдыларды жетілдіруге бағытталған.
Ринат Серғазыұлы,
студент:
- Тасқалау ол әлемде көп
кездесе бермейтін жұмыс. Ондай жұмысшылар аз. Мен шетелге шығып Қазақстанның
атын шығарғым келеді. Осы жарыстан бірінші орын аламын деген үмітім бар.
Аяулым Ақылбек, студент:
- Біз өз болашағымызды
өзіміз қалаймыз. Сондықтан, бәрі де өз қолымызда. Бұл ретте WorldSkills
чемпионаты бізге жаңа мүмкіндіктер ашады. Мен бұл байқауға қатысқаныма өте
қуаныштымын. Астанаға келіп өз біліктілігімді сынай алдым. Менің ойымша, Қазақстанда
бұл қозғалыс жақсы дамыған. Өйткені, бар біліміңді осы жарыс арқылы жаһандық
деңгейде танытуға болады.
Бұл ретте қазіргі таңда елімізде жұмысшы
мамандықтары үшін кадр даярлау сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлініп жатқанын айта
кеткен жөн. Мәселен
биыл бюджет есебінен колледждерге 142,5 мың студент қабылданды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2030 жылға дейін елде техникалық мамандарға қажеттілік 1 млн-ға жуықтайды.
Жеңіс Ермұқанов