Қазақстан Тәжікстанға 3 млн-нан астам оқ-дәрі жібереді

Қазақстан Тәжікстан мемлекетіне 3 миллионнан астам оқ-дәрі жібереді. Еліміздің Қорғаныс министрлігі тиісті заң жобасын әзірледі. Бұл құжат Қазақстанның биылға жоспарланған халықаралық келісімдер аясында дайындалды. Оның Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы қақтығысқа қатысы жоқ. Жіберілетін оқ-дәрі шекара маңындағы дауларды шешу үшін пайдаланылмауы тиіс. Жауапты ведомство өкілдерінің хабарлауынша, заң жобасы бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді. Қазақстан қоймаларында бұл оқ-дәрілер бар. Ол қазір қолданылып жатқан жоқ.

 Айта кетейік, бұған дейін еліміз Қырғызстан мемлекетімен де осындай шарт жасасқан еді.

Олжас Құсайынов, ҚР ҚМ Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы:

- Бауырлас елдерге әскери техникалық көмек көрсету Қырғызстан мен Тәжікстанның арасындағы шекара маңындағы қақтығысты өршітуге ешқандай қатысы жоқ. Бұл келісімдер Ауғанстаннан халықаралық коалиция елдерінің әскери континегентін шығару аясында өңірдегі осы елдердің қорғаныс қабілетін нығайтуға арналған. Сонымен қатар Қырғызстан мен Тәжікстанға әскери мүлікті жеткізу орын алған жағдай реттеліп, қалпына келгеннен кейін ғана іске асырылады.