Жоба
аясында екі елдің суретші-аниматорлары өзара тәжірибе алмасып қана қоймай,
сондай-ақ бірлескен жобалар жасауға келісе алады.
Қазақстандық анимация мамандарының екінші тобы Польшада
тәжірибе жинақтап жатыр. Краковта отандық мамандар оқу барысында жергілікті
анимациялық студиялардың жұмыстарын қарап, балаларға қызықты тақырып таңдау,
сценарий жазу шеберлігі және маркетинг бойынша біліктіліктерін арттырады.
Ғани Мұратов, ҚР МСМ мәдениет комитетінің кинематография
және театр өнері басқармасының басшысы:
- Анимация саласы үнемі өзгеріп, дамып отырады. Сол себепті
отандық мамандардың біліктілігін арттыру өте маңызды. Бұл тәжірибе алмасумен
қатар шетелдік студиялармен ынтымақтастық орнату арқылы жаңа нарықтарға шығып,
көрермендер аудиториясын ұлғайтудың жақсы мүмкіндігі. Алдағы уақытта әлемдегі ең
танымал студиялардың мамандарын тәжірибе алмасу үшін елімізге шақыруды да
жоспарлап отырмыз.
Еске сала кетейік, қазақстандық студиялар түркітілдес
елдерге ортақ ежелгі аңыздар желісімен 10 пилоттық анимациялық жобаның
өндірісін бастады. Анимациялық альманахқа кіретін әр туындының хронометражы 5
минуттан асады. Мәдениет және спорт министрлігінің мәлімдеуінше, бұл жоба
түркітілдес мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай,
болашақта бауырлас елдермен бірлескен анимациялық жобалар жасауға мүмкіндік
береді.