Қазақстан жапон тіліндегі туристік жолсілтемеге енді. «Globe Trotter Central Asia 2025-26» жол көрсеткішінің тұтас бір тарауы Қазақстанға арналды. Жаңа жинақ жапон аудиториясының қызығушылығын оятатын еліміздің экономикасы мен мәдениетінен бастап, гастрономиялық дәстүрлеріне дейінгі негізгі аспектілерді қамтиды. Басылымда еліміздің ұлттық символдары мен валютасы, қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына ерекше көңіл бөлінген. Жапон баспасы жолсілтемеде: Қазақстанның 6 қаласын – Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, Астана және Ақтауды – қамтыған. Онда туристерге еліміздің табиғи ландшафтары мен негізгі көрікті жерлері туралы барлық қажетті ақпарат ұсынылған. Олардың арасында Шарын шатқалы, Қайыңды көлі, «Алтын Емел» ұлттық паркі, Бозжыра шатқалы, Қарынжарык ойпаты, «Тамғалы» археологиялық ландшафтындағы петроглифтер және тағы басқалары бар. Авторлар жапондықтар Қазақстанға саяхатын өздері ұйымдастыру үшін қозғалыс бағыттары және барлық қажетті нысандардың байланыс деректерін көрсеткен.
Даниел Сержанұлы, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Үлкен бөлімде, кітапшаның үштен бір бөлігі, 50 парақта Қазақстан туралы толықтай жазылған. Бұл біз үшін жақсы. Себебі, жалпы жапон нарығы біз үшін мақсатты нарық. Ол өзінің өсімін көрсетіп жатыр. Ал 26 жылдан бастап Токио мен Алматы арасында тікелей рейспен байланысады деген жоспар бар. Соған бір дайындық жүргізіп жатырмыз. Келесі жылы да барып, Осакада өтетін ЭКСПО көремесінде Қазақстан туралы таныстыратын боламыз. Мұның арқасында жалпы жасалып жатқан жұмыстың арқасында биыл 10 айдың өзінде Жапониядан Қазақстанға келген туристердің саны 26 процентке асып, 8600-ге жеткен.
Авторы: Әсел Күшенғалиева

