Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде бұл институт мемлекеттігіміздің іргетасын қамтамасыз етіп отырғанын да атап өтті. Президент қазақ халқының бірлігі туралы айта келіп, бүгінде Қазақстаннан шыққан танымал тұлғаларды ұлтына қарамастан, шетелде «қазақ» деп атайтынына да тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, солай болуы тиіс те. Ал бейбітшілік пен келісім мемлекеттік идеология ретінде қабылданады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Біздің қоғам – ортақ мұраттар мен құндылықтар біріктірілген еркін және саналы азаматтардың одағы. Бұл ұлттық болмысымыздың тағы бір жарқын көрінісі. Сондықтан бүгінде барша азаматтарымыз біртұтас қазақ отбасының мүшесі ретінде сезінеді. Біз бәріміз бір отбасымыз. Бұл – артық айтқандық емес. Бұл – біздің шынайы болмысымыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір қазақстандық бірлікті нығайта түсу үшін бар күш-жігерін салуы керек екен атап өтті. Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруы тиіс. Осы құндылықты сақтау мен құрметтеудің арқасында Қазақстан халқы бейбітшілікте өмір сүріп келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Әрбір азамат өз болашағын Қазақстанмен тығыз байланыстыруы керек. Сонда ғана халқымыз біртұтас ел болып тұра алады. Ешкімді ұлтына, тіліне, дініне қарап кемсітуге болмайды. Қоғамда мұндай ұстанымға сай бөлектенуге жол берілмейді. Әрқайсымыз – Қазақстан атты қасиетті қара шаңырақтың перзентіміз. Бәріміз – бүгінгі өмірі және болашағы – бір бауырлас азаматтармыз.
Президент Қаысм-Жомарт Тоқаев Қазақстанда түрлі мәдениеттердің дәстүрлері бірігіп, жалпыұлттық бірегейлікті білдіретін ерекше өмір салты қалыптасқанын атап өтті.
Танзила Хашиева, Қазақстанның «Вайнах» шешен және ингуштар қауымдастығы:
- Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясында көтерілген мәселелер, қойылған барлық мақсаттар мен міндеттер – уақыт талабы, бұл қазіргі заманның талабы. Бүгінгі контекстте айтылған Ұлттық бірегейліктің қалыптасуына деген жаңаша көзқарас ұнады. Менің ойымша, өскелең ұрпақ үшін, жастар үшін, отандастарымыз үшін үлкен сабақ, пайдалы кеңес болады.
Қ. ТОҚАЕВ БЕЙБІТШІЛІК, ДОСТЫҚ ПЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУҒА СҮБЕЛІ ҮЛЕС ҚОСҚАН АЗАМАТТАРДЫ МАРАПАТТАДЫ
Елімізде бейбітшілік, достық пен ынтымақтастықтың нығаюына сүбелі үлес қосқан жандардың ерен еңбегі назардан тыс қалмай ерекше құрметке бөленді. Мемлекет басшысы диаспора өкілдеріне «Құрмет», екінші дәрежелі «Достық» ордендері және «Шапағат» медалін табыс етті. Сондай-ақ, бірнеше азаматқа жеке алғысын білдірді.