Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін «Алтын виза» бағдарламасын іске қосты

Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін «Алтын виза» бағдарламасын іске қосты

Қазақстан 10-мамырдан жаңа инвесторлық визаны іске қосты. Ол шетелдік бизнесті тарту мен отандық экономиканың әлеуетін арттыруға бағытталған. Жаңа талаптарға сәйкес, мұндай «Алтын визаны» Қазақстан компанияларының жарғылық капиталына немесе отандық бағалы қағаздарға кемінде 300 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған шетел азаматтары ала алады. Осылайша оларға Қазақстанда 10 жылға дейін тұруға мүмкіндік беріледі. Сарапшылар Қазақстан - Орталық Азиядағы ірі экономика деп отыр. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлердің қызығушылығын тудырады. Елімізде саяси тұрақтылық пен жайлы бизнес орта қалыптасқан. «Алтын виза» құқықтық кепілдік беріп, республиканың инвестициялық климатын нығайтады.

Марат Есенов, «Kazakh Invest» ҰК Мемлекеттік органдармен және қоғаммен өзара әрекет жөніндегі өкілі:

- Қазақстан экономикасына 300 мың доллар салған адам, одан кейін де инвестиция салуға дайын болатынын түсіну керек. Бұл - алғашқы жарна екенін де түсінемін. Ал болашақта ол мультиплиткативті әсер береді. Яғни, Қазақстанға инвестиция салған және одан әрі инвестиция салатын кәсіпкер басқа да ірі жобаларға қаржы салады деп ойлаймын.

Айта кетейік, мұндай визалық бағдарламалар АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур және бірқатар Еуропа елдерінде бар. Мысалы, Америкада «Алтын виза» алу үшін кәсіпкер 5 млн доллар қаржы салуы керек. Ал Өзбекстанда биыл маусым айынан бастап бұл сома 250 мың доллар және отбасының әр мүшесі үшін 150 мың доллар болады. Біздің экономикамызға келетін болсақ, қазір инвесторлар үшін қолайлы бағыттар анықталды.

Гауһар Қизатолла, ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі комитеттің жетекшісі:

- Біз, әрине, қазір өңдеу секторына инвестиция тартуды көздеп отырмыз. Яғни, экономиканың шикізаттық емес секторлары. Жұмысты ширатып, саланы дамыту қажет. Өңдеу өнеркәсібі, тамақ өнеркәсібі аз инвестиция тартады. Бірақ бұл кейін мультипликативті әсер беретін, экономикада қалатын секторлар. Себебі жаңа өндіріс ошақтары құрылып, жұмыс орындары ашылады. Және бұл сабақтастық жалғасады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?