Экспортты ұлғайтып, импорттық өнімге қажеттілікті азайту. Осындай міндетті қызылордалық диқандар алға қойып отыр. Құрғақшылық пен су аздығынан туындаған қиындықтарға қарамастан, тынымсыз еңбектің күшімен шаруалар биылғы агромаусымда 500 мың тонна күріш өнімін жинады. Орта есеппен әр гектардан 60 центнер өнім алынды.
Қайратбек Сәрсенбаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Биыл 1 156 гектар алқапқа жергілікті күріш сорттары егілді. Жиналған өнімнен келесі жылға дейін 12 мың гектарға себуге болатын 3 мың тоннаға жуық тұқым алынды. Бұл жалпы облыстың күріш дақылының 15%. 2022 жылы бұл көрсеткішті 50% дейін жеткізуге мүмкіншілігіміз болады. Енді тиімділігіне қарай шаруашылықтар өз таңдауларын жасай алады.
Елімізде күріш кластерін қалыптастырып, өнімділік көлемін арттыру бағытында ірі жоба әзірленді. Соның нәтижесінде Сырдарияның теңізге құяр сағасында отырған солтүстік аудандардың өзінде күріш алқаптары ұлғайды.
Мұхтар Оразбаев, Қазалы ауданының әкімі:
- 1991 жылы ауданда ауылшаруашылық өнімдері 1,4 млн теңгені құраса, өткен жылы 16 млрд теңге өнім өндірдік. Бүгінгі таңда ауданда жалпы 17 мың гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары, 6 560 гектар жерге дәнді дақылдар егілді. Өткен кезеңмен салыстырғанда өнімнің егілуі мен өндірілуі жоғарылағаны байқалады.
Айта кетейік, тәуелсіздік алған жылдан бері Сыр еңбеккерлері ел қамбасына 9 млн тоннадан астам күріш жинады. Соңғы 15 жылда құны 260 млн доллар болатын дәнді дақылды экспортқа шығарды. Республиканың 80% күрішпен қамтитын өңір әрі қарай да осы қарқынмен жұмыс істеуге ниетті.