Карантин кезінде Қазақстан шекарасын кесіп өту тәртібі жеңілдетілді. Ведомствоаралық комиссияның хабарлауынша, республиканың шет мемлекеттермен әуе қатынасы рәсімі оңтайланады. Жеңілдіктер қазақстандық қана емес, шетелдік азаматтар үшін де қолданылмақ. Елге кіру кезіндегі жалғыз талап – жолаушы вакциналанғанына қарамастан, 72 сағатқа жарамды ПТР-тест анықтамасын ұсынуы керек. Сондай-ақ автожолдар арқылы шет мемлекеттерге шығу үшін шектеу мерзімі екі есе азайды. Енді қазақстандықтар өзге елге 15 тәулікте 1 рет шыға алады. Бұл шаралар экономикалық қызметті жандандыруға, отандық туризмді дамытуға және елдің инвестициялық ахуалын жақсартуға бағытталған.