Өзбекстанда
өсірілетін жүзім сорттары туралы мәліметті бұдан былай әлемдік генетикалық
картадан көруге болады. Елдің Ғылым академиясының Геномика және биоинформатика
орталығы жүзімнің 10 сортының геномын зерттеп, халықаралық дерекқорға енгізді.
Бұл құжат олардың шығу тегін растауға мүмкіндік беріп, өзге ел ғалымдарына
өзбек сорттарын жан-жақты зерттеуге жол ашады. Сондай-ақ, мұндай зерттеулер әралуан
түрлі жүзімнің жеке бірегей генетикалық түрін сақтауға, климаттық жағдайларға
төзімді әрі жоғары өнімді жаңа түрлер шығаруға ықпал етеді.
Илхом Салахутдинов,
Ғылым академиясы Геномика және биоинформатика орталығы зертханасының
меңгерушісі, Өзбекстан:
- Өзбек жүзім сорттары еуропалық сорттардан өзгеше дамыды. Еуропада селекция негізінен шарап сорттарына бағытталса, Орталық Азияда, соның ішінде Өзбекстанда, көбіне асханалық сорттар өсірілді. Олар құрғақ, әрі ыстық климат жағдайында қалыптасқандықтан, еуропалық сорттарға қарағанда, шығыс сорттары, оның ішінде өзбек жүзімі ыстыққа жақсы бейімделген. Ерекше генге ие болғандықтан, бұл оларды климатқа төзімді етіп қана қоймай, ерекше дәм берген қасиеттерін де айқындайды. Өзбек сорттары әлемде жоғары бағаланады.
Сарапшылардың
айтуынша, ғылыми негізделген селекция халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті
өнім өндіруге мүмкіндік береді. Өзбекстан ішкі нарықтың сұранысын толық
қамтамасыз етіп қана қоймай, жүзімді шетелге де кең ауқымда экспорттайды.
Қазіргі таңда өнім 21 елге жөнелтіледі, ал экспорттың жалпы көлемі 245
миллион долларды құрайды.

