Қазақ тілін үйреніп, еліміздің салт-дәстүрімен, тарихымен, мәдениетімен танысатын шетелдіктер қатары артып келеді. Мартайн Мариот Швейцарияның ірі университеттерінің біріндегі оқытушылар мен студенттер құрылған топ құрамымен бірге Талдықорғанға арнайы келді. Еуразиялық зерттеулер орталығында бес тілді еркін меңгерген болашақ этнограф-антрополог мемлекеттік тілді үйрене бастады.
Мартайн Мариот, Цюрих университетінің студенті:
– Қазақстандағы адамдардың ашықтығы, бір-бірімен емен жарқын сөйлесіп, араласатындығы ұнады. Болашақта қазақ тілін тереңірек үйреніп, осында тағы келгім келеді. Орта Азиядағы өзге мемлекеттерге де барып көрсем деймін.
Вернер Герцуг, этнограф:
– Экономикалық өзгерістер мен даму барысы қатты қызықтырды. Менің ойымша бұл зерттеуге тұрарлық ауқымды және маңызды тақырып. Осы жолғы сапарымда мен қазақ халқы туралы көп нәрсе білдім. Ұлттық тағамдары ұнады.
Айта кетейік, Еуразиялық зерттеулер орталығы - жергілікті және Цюрих университеттерінің бірлескен жобасы. Оқу орындары өкілдерінің айтуынша, ынтымақтастық аясында көптеген қызықты жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.
Петер Финке, Цюрих университетінің профессоры:
– Осы күнде екі проект бар. Орталық Азиядағы бизнес мәдениеті. Сол туралы. Екіншісі келесі январдан басталады. Ол Орталық Азиядағы коррупция туралы. Проект ішінде 15-20 шақты университет бар.
Қос тарап арасындағы келісімге сай келесі жылы студенттер Швейцарияға барады. Бір ай ішінде жастар сол елде білімін арттырып біліктілігін жетілдіреді.