Қазақстан Президенті жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапарында өңірдің индустриалдық және агроөнеркәсіптік әлеуетімен танысты. Облыста жаңа жобаларды жүзеге асыру есебінен жалпы өңірлік өнім көлемі 2 есе ұлғаяды деп жоспарлануда. Президент алдымен жүк техникасына қажетті авто бөлшектер шығаратын шойын құю зауытына барды. Зауыт жұмысы толығымен роботтандырылған. Мемлекет басшысы озық технологиялармен жабдықталған кәсіпорынға оң баға беріп, жаңа өндірілген цилиндрлар блогына қолтаңба қалдырды. Бұдан кейін Президент KIA автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылыс алаңына барды. Ол 2025 жылдың қазан айында іске қосылады деп күтілуде. Автокәсіпорын бастапқы кезеңде Sorento, ал 2026 жылдан бастап Sportage моделін құрастырмақ. Жалпы құны 200 миллион долларды құрайтын жобаның 80 пайызға жуығы тікелей шетелдік инвестицияға қаржыландырылуда. Сонымен қатар жаңа зауыттың жанынан қосалқы бөлшектер өндірісінің кластерін құру жоспарлануда. Қасым-Жомарт Тоқаев «Агромаш Холдингтің» локализация орталығын аралап көрді. Кәсіпорын CLAAS тракторлары мен комбайндарының бірқатар қосалқы бөлшегін дайындауға тапсырыс алған. Жуырда әйгілі AMAZONE компаниясымен келісімшартқа қол қою жоспарлануда. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорынның еңбек ұжымымен жүздесті.

Сондай-ақ Президент ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесті. Аймақта терең өңделетін өнімдердің үлесін үш жылда 70 пайызға дейін жеткізу көзделуде. Атап айтқанда, мал шаруашылығына арналған  кешен және ірі құс фабрикасы жобасы жүзеге асырылады. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет отандық фермерлерді қолдауды жалғастыратынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

– Мен қазір  ауыл шаруашылығы өнімдерін 2 есеге арттыру туралы облыс әкімінің жоспарын тыңдадым. Министрдің айтуынша, жоспарларды жүзеге асыруға барлық әлеует жеткілікті. Біздің тараптан да көмек болады, өйткені, бұл  ортақ міндетіміз. Астық, ұн өндірісінде терең өңдеуді дамыту керек. Ұн қалпында оның өз құны бар, бірақ биоэтанолды терең өңдеу арқылы өнімнің құны тағы айтарлықтай өседі. Міне, осы бағыттағы  технологияларды дамытуға ден қою керек, оның ауыл шаруашылығында маңызы зор.