Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Халықаралық құқықтың іргесі сөгіле бастағанын, қақтығысқан мемлекеттер арасындағы сенім деңгейі әбден төмендегенін, көзқарастар қайшылығы күшейе түскенін, көпжақты дипломатияның дағдарысқа ұшырағанын, Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік әлеуеті әлсірегенін алаңдаушылықпен қабылдаймыз. Осындай геосаяси дүрбелеңдер жағдайында барлық қақтығыс факторын жою үшін ТМД елдері мен барша жақтастарымыздың күш біріктіруі өте өзекті.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдер арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытуға бағытталған бірқатар ұсынысын ортаға салды. Ол Достастықтың сауда-экономикалық байланыстарын одан әрі арттыру үшін бірлескен өндірістерді іске қосу, инвестициялар тарту, цифрлық шешімдерді енгізу және транзиттік-көліктік әлеуетті тиімді пайдалану қажет деп санайды. Жалпы былтыр ТМД елдерінің сауда айналымы 110 млрд долларға жеткен. Тек соңғы 5 жылда Қазақстанның Достастық елдерімен өзара алыс-беріс 1,5 есе өскен. Бұл ретте халықаралық дәліздердің маңызы зор. Аймақ Еуропа мен Азияны жалғап, жаһандық көлік-логистика жүйесінде ерекше рөл атқарып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Достастықтың бірыңғай цифрлық көлік-логистика картасын әзірлеуді ұсынамын. Бұл ұлттық инфрақұрылымдық жоспарларды біріктіруге және көлік байланыстарының тұтас кеңістігін жасақтауға мүмкіндік береді. Өз кезегінде ол инвестиция көлемін арттыруға жағдай жасайды. Бүгінде Қазақстан бастамашы болған ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасы бойынша жұмыстар аяқталып келеді.
Экологиялық қауіп, табиғи және техногендік апаттар ТМД елдерінің орнықты
дамуына зор қатер төндіреді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мұндай
жағдайларды ерте бастан анықтаудың және ескертудің тиімді тетіктерін қарастыру
маңызды міндет. Осы орайда климаттық және техногендік төтенше жағдайларды
болжаудың өңірлік орталығын құру арқылы бірлесе жұмыс істеуді ұсынды. Ол
сондай-ақ креативті индустрияны дамытудың болашағы зор деп есептейді. Отандық
сектордың қосылған құны 2 млрд доллардан асады. Қазақстан Президенті ТМД-ның
гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қоры базасында Креативті
индустрия қауымдастығын құруды алға тартты. Сонымен қатар, Достастықтың әлемдік
аренадағы абырой-беделін нығайтудың маңызына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 2023 жылы Қазақстан Республикасының ұсынысы бойынша
ТМД-ның Байқаушылары мен Серіктесі институты бекітілді. Бұл бастаманың алғашқы
нәтижелері байқала бастағанын ризашылықпен атап өткім келеді. Бүгін Шанхай
ынтымақтастық ұйымына Байқаушы мәртебесін беру туралы шешім қабылдаймыз. Бұл
оқиға Еуразияның аймақтық құрылымдар ықпалдастығы тарихының жаңа парағын ашады.
Бұдан бөлек, Мәскеудегі саммитте Қазақстан ұсынған «ТМД плюс» форматында
қарым-қатынас орнатуды қолдаймыз. Аталған қадам ТМД-ның халықаралық аренадағы
рөлін нығайта түседі.

