Қазақстан Президенті Саха Республикасының басшысын қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін арнайы келген Саха Республикасының басшысы Айсен Николаевты қабылдады. Тараптар өңіраралық ықпалдастықты нығайту және екіжақты байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады. Мемлекет басшысы Саха Республикасымен өнеркәсіп, сауда, IT-сектор, ауыл шаруашылығы және кен игеру индустриясы секілді түрлі салаларда ынтымақтастықты күшейтуге айтарлықтай мүмкіндік бар екеніне назар аударды. Өз кезегінде Айсен Николаев басым бағыттарда бірлесе жұмыс атқаруға дайын екенін жеткізді. 

Қазақстан Президенті Татарстан Раисын қабылдады

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Татарстан Раисы Рустам Миннихановты қабылдады. Қазақстан Президенті машина жасау және мұнай-газ химиясы салаларындағы бірлескен жобаларды уақтылы әрі сапалы іске асырудың маңызына тоқталды. Рустам Минниханов күллі көшпенділер өркениетінің ортақ екенін көрсететін ойындарға шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасымен кездесті

Мемлекет басшысы Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен де кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазір қазақ-түрікмен қарым-қатынасы өте табысты дамуда және стратегиялық серіктестік деңгейіне толық сәйкес келеді. Халк Маслахаты төрағасы еліміздің әлемдік аренадағы беделін арттыруға ықпал ететін ірі халықаралық жиындарды ұйымдастырудағы Астананың рөлін жоғары бағалай отырып, ауқымды спорттық іс-шараның сәтті өтуіне тілектестік білдірді.