Әлихан Смайылов пен Франк-Вальтер Штайнмайер онда жаңа білім ордасының алғашқы түлектеріне үндеу қалдырды. Олардың оқуы биыл қыркүйекте басталады. Студенттер білімдерін әзірге Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің базасында алады. 2029 жылы уақыт капсуласын ашу мәртебесі солардың еншісіне бұйырады. Бірінші оқу жылында білім беру екі бағдарлама бойынша өтеді. Кейін 8 бакалавриат және 6 магистратура бағдарламаларына дейін кеңейтілмек. Студенттер өнеркәсіпті автоматтандыру және робототехника, су ресурстары мен қалдықтарды басқару, жаңартылатын энергия көздерін әзірлеу, технологиялық инжиниринг, заттар интернеті, деректер ғылымы және жасанды интеллект сынды бағыттарда тәлім алатын болады. Кешенді бағдарлама Есенов атындағы университетте үш жыл және Германиядағы серіктес университетте бір жарым жыл оқу мерзімін қамтиды.
Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер өз сөзінде жоғары білікті инженерлерді даярлау қазақстандық және неміс компаниялары үшін де тиімді екенін атап өтті. Әлихан Смайылов Институт сұранысқа ие кадрларды даярлауға, ғылыми зерттеулерге және жаңа технологияларды дамытуға, соның ішінде «жасыл» сутегі өндірісі саласына өз үлесін қосатын болады деді.