Бұған дейін ел аумағында жерді пайдалануға рұқсат алу үшін кемі бір жыл уақыт кететін. Сенат осы қызметті сандық үлгіге көшіруді көздейтін заңды қабылдады. Яғни, бұл жүйе толық автоматтандырылып, құқықты электронды түрде беру тәртібі бекітілді. Өтініш тіркеуден шешім қабылдауға дейін онлайн жүреді. Осы аралықта бірқатар қосарлама құжат пен келісімдер қысқарды. Құрылысқа жарамды бос жатқан жер мен жылжымайтын мүліктің бірыңғай цифрлық мемлекеттік қадастры құрылып, саланың барлық ақпараттық жүйелері біріктіріледі. Бұл ең алдымен елдің жер қорын тиімді кәдеге жаратудың қамы дейді, сенаторлар.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қабылданған заң осы бағытта жасалған нақты қадам. Осы заң арқылы жер учаскесіне құқықты электронды түрде беру тәртібі айқындалады және жалпы осы саладағы мемлекеттік саясаттың ашық болуы қамтамасыз етіледі. Заң жобасын қарау барасында Сенат оған қосымша түзетулер енгізді. Мысалы, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбаудың немесе ұтымсыз пайдаланудың уақтылы жолын кесу және оның алдын алу тетіктері күшейтілді. Алдағы уақытта заң жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыруға және олардың тиімділігін арттыруға оң әсерін тигізеді деп сенеміз.