Төрткүл дүние көз тіккен жазғы Олимпиада ойындарынан Қазақстанның ұлттық құрамасы олжасыз қайтпайды. Еліміздің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев Токиода бақ таластырып жүрген спортшылардың жай-күйі туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, балуандар, жеңіл атлеттер, спорттық тауға өрмелеушілер мен каратэшілер қанжығаларын алқамен майлайтынына сенім мол. Бокс құрамасының тең жартысы, нақты айтқанда, 4 бірдей былғары қолғап шебері жарыс жолынан ығысқанымен, қалғандары өнерлерін жалғастырып келеді.
Айта кетейік, Токио Олимпиадасына ұлттық құрама спорттың 28 түрінен 97 жолдама ұтқан еді. Әзірге ел қоржынында үш «қола» медаль бар.
Серік Сәпиев, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы:
- Спортшыларға Олимпиада ойындарына сапалы дайындалып, табысты өнер көрсетуіне бағытталған барлық қажетті жағдай жасалды. Оның ішінде материалдық қаржыландыру, оқу-жаттығу жиындары, көптеген халықаралық жарыс, медициналық тұрғыдан шаралар жасалды. Өздеріңіз білесіздер, спортта үміттің ақтала бермейтінін есте сақтаған жөн. Алайда қазақстандық спортшылардың әрқайсысы лайықты нәтиже көрсетуі үшін бар күш-жігерін салады деп сенеміз.