Осы жылдың бірінші жартыжылдығында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қазақстандықтардан жарты миллионға жуық өтініш өңдеді. Олардың басым бөлігі медициналық сақтандыру жарналарын төлеу тәсілдері, МӘМС жүйесіне қатысу, сондай-ақ жеңілдікті санатқа енгізу және сақтандырылу мәртебесін айқындау мәселелеріне қатысты болды. Мамандардың мәліметінше, өтінімдер саны бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары көш бастап тұр. Сұрақтар көбіне 1406 бірыңғай байланыс орталығы арқылы келіп түседі. Осы жылдың алты айында бұл желіге 389 мыңнан астам қоңырау келіп түскен. Өтініштер санаты мен күрделілігіне қарай ақпаратты өңдеудің үш деңгейлі моделі бойынша қаралады және бөлінеді.
Забира Оразалиева, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жеке және заңды тұлғалармен жұмыс департаментінің директоры:
- Бірінші деңгейді 1406 нөмірі бойынша телефон қоңырауларына жауап беретін байланыс орталығының операторлары жүзеге асырады. Операторлардың екінші желісі SRM-жүйесінде тіркелген өтініштерді қарауды жүзеге асырады және жағдайды неғұрлым егжей-тегжейлі зерделеуді, не нақтылауды не қосымша нормативтік-құқықтық актілерді зерделеуді талап етеді. Бұл жұмысты қор филиалының қызметкерлерінен және медициналық ұйымдардың қызметкерлерінен тұратын операторлардың екінші желісі орындайды. Байланыс орталығының үшінші қолдау желісін қордың орталық аппаратының қызметкерлері орындайды, олар өтініш нәтижелерін не растайды, не екінші қолдау желісіне қайта пысықтауға жібереді.
Айта кетейік, шағым қалдыру немесе кеңес алу тек call-орталық арқылы ғана емес, «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы арқылы да жүзеге асыруға болады. Аталмыш қосымша арқылы алғашқы жарты жылда 82 мыңнан астам өтініш өңделді. Сондай-ақ сұрақтарды fms.kz сайтына немесе Telegram желісіндегі қорға жіберуге болады.