Қазақстан мен Пәкістан өзара тауар айналымын 1 млрд
долларға жеткізуге ниетті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шарифтің
келіссөздері барысында екі ел арасындағы ынтымақтастық аясын кеңейту мәселелері
талқыланды. Мемлекет басшысы сапардың дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына
34 жылд толуымен тұспа-тұс келуінің символдық мәніне назар аударды. Сондай-ақ,
бұл Қазақстан Президенті ретінде Пәкістанға алғашқы мемлекеттік сапары. Ол Астана
мен Исламабадтың екіжақты байланыстарына тың серпін беретін мүмкіндікке ие. Президенттің
айтуынша, Пәкістан – Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері
Оңтүстік Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Өз кезегінде Шахбаз Шариф
Исламабадтың Астанамен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін атап
өтті. Тараптар көлік-логистикалық серіктестікке ерекше назар аударды. Бұл Қазақстанның халықаралық нарықтарға шығуына балама
жол бола алатыны атап өтілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл тұрғыда, Пәкістанның Карачи және Гвадар порттарының
әлеуетін талқыладық. Басым міндеттердің бірі ретінде Транскаспий көлік дәлізін
дамытуды, Ауғанстан арқылы өтетін транзиттік бағытты ілгерілетуді қарастырдық.
Осы орайда Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан бағытындағы темір
жол бағытын іске асыру перспективасын талқыладық.
Сондай-ақ, тараптар агроөнеркәсіп кешенінде бірлескен
өндірістерді ашуға ниетті. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы, фармацевтика және
құрылыс материалдары өнімдерін өндіруде екі елдің мүмкіндіктері мол, – деді
Қасым-Жомарт Тоқаев. Өзара мүдделер тоғысатын тағы бір нүкте - AI мен цифрлық
технологияларды дамыту. Әрине, бұның барлығының негізін – инвестициялар
қалайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Пәкістан исламдық қаржыландыру саласында әлемнің
жетекші елдерінің бірі. Астана халықаралық қаржы орталығында еуразиялық
кеңістікте халал қаржыны дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Осы мүмкіндіктерді
Пәкістанның қаржы институттары да тиімді пайдалана алады. Сонымен қатар
инвестициялық ынтымақтастыққа назар аудардық. Бұл бағытта бүгін
«Самұрық-Қазына» қоры және «Фауджи» қоры арасында құрылған «Бірлескен
инвестициялық платформасы» нақты жобаларды зерделейтін болады. Жалпы,
пәкістандық кәсіпкерлерге елімізде қолайлы жағдай жасауға дайынбыз.
Қазақстан мен Пәкістан арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы
бірлескен декларацияға қол қою өзара ықпалдастыққа жол ашатын маңызды межені
айқындады. Бұдан бөлек бірқатар үкіметаралық келісім жасалды. Олар
өнеркәсіп, тау-кен, көлік және логистика, сауда, фитосанитария, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты қамтиды. Сондай-ақ БҰҰ миссияларында бітімгерлік бөлімшелерін бірлесіп өрістету жөніндегі өзара түсіністік меморандумына қол қойылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Президенті Асиф Али Зардаримен келіссөз жүргізді. Тараптар екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасып, ұзақ мерзімді қарым-қатынасты кеңейтудің жаңа бағыттарын белгіледі.
Ал Исламабадта өткен салтанатты іс-шарада Қасым-Жомарт
Тоқаевқа Пәкістанның ең жоғары мемлекеттік наградасы табысталды. Пәкістан Президенті мен Премьер-министрі Мемлекет
басшысын Nishan-e-Pakistan орденімен марапаттады.

