Әлемде Қазақстанда өндірілетін май өнімдеріне сұраныс артып келеді. Бұған осы тауар түрлері экспортының бір жылда бірден екі жарым есеге өскені дәлел. Бұл дерек Energiprom порталында келтірілген. Демек, бұл көрсеткіш елімізде күнбағыс майының өндірісі артқанының белгісі. Тек биылдың 9 айында ғана жергілікті кәсіпкерлер оның 422 мың тоннасын шығарған. Былтырғыдан 25% көбірек. Осы орайда Шығыс Қазақстан өңірі көш бастап тұр. Аталмыш аймақ өсімдік майының 181 мың тоннасын өндірген. Үздік үштіктің қатарында Абай облысы мен Шымкент қаласы бар. Сарапшылар отандық өнімнің сырт мемлекеттерге жеткізу көлемінің еселенуін жаһандық деңгейде орын алған геосаяси жағдайлармен байланыстырады. Бұл өз кезегінде елімізге әлемдік нарықтарға шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр. Бастысы біздің өнімге сұраныс артып, еліміз май өндіретін жетекші мемлекеттермен іргесін теңей алды. Ал, Шығыс Қазақстанның кәсіпкерлері биыл тұңғыш рет өз өнімін Еуропа нарқына бағыттап, алғашқы легін жөнелте бастады.