Қазақстанның әуе флоты алдағы 3 жылда 51 жаңа ұшақпен толығады. Оның 14-і осы жылдың соңына дейін сатып алынады. Бұл туралы Ақтауда өткен авиациялық қауіпсіздік бойынша халықаралық жиында айтылды. Екі күнге созылған іс-шараға Грузия, Әзербайжан, Қырғызстан мен Тәжікстанның азаматтық авиация әкімшіліктерінің өкілдері қатысты. Күн тәртібінде әуежайлар мен ұшақтардың қауіпсіздігі аэронавигациялық құралдарды қорғау және жетілдіруге қатысты мәселелер қозғалды. Тараптар алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты күшейтуге уағдаласты.
Дархан Қатышев, «Қазақстан Авиация Әкімшілігі» АҚ Авиациялық қауіпсіздік департаментінің директоры:
– Біз Орталық Азия және Кавказ елдері аумағында үйлестіру тобын құрғымыз келеді. Бұл, өз кезегінде тараптарға қажетті ақпаратпен бөлісуді жеделдетіп, азаматтық авиацияның қауіпсіздік деңгейін көтеруге тікелей ықпал етеді. Сондай-ақ, кәсіби білікті мамандарды даярлап, оларды қайта оқытуға жол ашады деп ойлаймыз.
Айта кетейік, қазір елімізде 912 әуе кемесі бар. Оның 75-і коммерциялық тұрақты жолаушылар тасымалын жүзеге асырады.