Қазақстан Орталық Азияда инвестиция тарту бойынша
көшбасшылық позициясын күшейтіп келеді. Бұған сандар дәлел. Өңірдегі барлық
шетелдік инвестициялардың 70%-ке жуығы елімізге тиесілі. Біріккен Ұлттар Ұйымының
Сауда және даму жөніндегі конференциясының баяндамасында республика
экономикасына құйылған тікелей шетелдік капитал көлемі 151 млрд доллардан асқаны
айтылады. Бұл зерттеу шетелден тартылған капитал ауқымын бағалауға мүмкіндік
береді, яғни кәсіпорындар, өндірістік жобалар, технологиялық жабдықтар және
шетелдік инвесторлар қалыптастырған басқа да активтер мемлекет экономикасына
қаншалықты әсер ететінін анықтауға болады. Айта кетейік, он жыл ішінде инвестиция
көлемі екі еседен астам өсті. Халықаралық компаниялардың көлемді қаражаты
тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібіне, саудаға, энергетикаға және ірі
инфрақұрылымдық жобаларға бағытталған.

