Қазақстан мен Оман ынтымақтастығы артып келеді. Араб елі біздің
республикаға 260 млн доллар инвестиция салған, сауда-саттық көлемі де артып отыр.
Дегенмен, әріптестік әлеуеті бұдан едәуір жоғары. Екі тарапқа өзара тиімді жаңа
экономикалық бағыттар бар. Әсіресе, парсы шығанағында орналасқан Оман
мемлекетінің көлік-логистикасындағы стратегиялық тартымдылығы жоғары. Елдің
теңіз айлақтары арқылы Африка, Еуропа мен Азияға жүк тасымалданады. Бұл қазақстандық
тауардың жаңа нарықтарға шығуына жол
ашады. Жуық арада осы және өзге де мәселелер Маскатта жоспарланған алғашқы
үкіметаралық отырыста талқыланбақ. Бұл туралы Астанадағы Оман сұлтандығының
ұлттық күнінде сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров мәлімдеді. Елші
Мұхаммад әл-Бахрани қос тараптың әріптестігі соңғы екі жылда еселене түскенін
айтады. Қазіргі таңда Қазақстан-Оман инвестициялық қорын құру, Алматы-Маскат
әуе рейсі мен 30 күндік визасыз режим енгізу арқылы іскерлік және туристік
байналысты арттыру қолға алынған.
Мұхаммад Әл-Бахрани, Оман сұлтандығының Қазақстандағы
елшісі:
- Екі жақты байланыстың дамуы мемлекет басшылары – Президент Қасым-Жомарт
Тоқаев пен Жоғары мәртебелі Сұлтан Хейсам бен Тарик әл-Саидтің саяси жігерінің
нәтижесі. Әріптестіктің артуына қос тарап та мүдделі, біз оның жемісті боларына
сенімдіміз. Екі ел арасында қосарланған салық алмау туралы келісім жасалды. Бұл
іскерлік байланыстың артуына қолайлы жағдай. Ынтымақтастық аясы жасанды
интелект пен киберқауіпсіздіктен бастап, сауда байланысына дейін жалғасып
жатыр.
Әлібек Қуантыров, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Парсы
шығанағындағы іскерлік байланыс туралы жалпы айтсақ, сөзсіз, Оман мемлекеті -
әріптестік аясы толық ашылмаған елдің бірі. Оның бірнеше теңіз айлағы бар,
ұсынылатын сауда мүмкіндіктерін белсенді зерттеп жатырмыз. Алғашқы нәтижеге екі
тараптың үкіметаралық отырысында қол жеткіземіз деген ойдамын.

