Қазақстан мен Ватикан өзара ынтымақтастығын нығайтады. Тараптар Рим Папасы Францисктің елімізге сапары аясында тиісті келісімді бекітті. Құжатқа ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді және Ватиканның мемлекеттермен қатынастар жөніндегі хатшысы архиепископ Пол Ричард Галлахер қол қойды. Қос тарап конфессияаралық және дінаралық диалогты ілгерілетудің маңыздылығын және бұл елордада ашылған Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезінің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
Роман Василенко ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
– Бүгін Қазақстан мен Ватикан арасында қосымша келісім жасалып отыр. Бұл екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығайтады. 24 жыл бұрын жасалған құжатқа толықтырулар енгізілді. Конфессияаралық келісім мен дінаралық диалогты ілгерілетудің маңыздылығын ерекше атап өткен жөн.