Қазақстан мен Түрікменстан өзара инвестицияларды бірлесе көтермелеп, қорғайтын
болды. Ел Мәжілісі тиісті үкіметаралық келісімді қабылдап Жоғары палатаның
қарауына жіберді. Айта кетейік құжатқа былтыр қазан айында Ашхабадта қол
қойылған. Оның басты мақсаты – инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау және тікелей
шетелдік салымдардың ағынын ынталандыру. Ол инвестициялар әділ және тең құқылы
режимді пайдаланады. Сондай-ақ, екінші мемлекеттің аумағында толық қорғау мен
қауіпсіздікке ие болады. Сонымен қатар, кәсіпкерлер инвестициялық дауларды
ұлттық соттар немесе халықаралық арбитраж арқылы шешуге мүмкіндік алады. Сыртқы
істер министрінің орынбасары атап өткендей, құжат инвесторларға түрлі төтенше
жағдайларда да кепілдік береді. Сондай-ақ, Әлібек Қуантыров Қазақстан
инвестиция салуға мүдделі Түркіменстан экономикасының негізгі секторларын
атады.
Әлібек Қуантыров, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- «Аталған келісім негізінен энергетика, ауыл шаруашылығы
мен өндірістік салалардағы инфрақұрылымдық жобаларды қамтиды. Атап айтсақ, бұл
жерде Қазақстан түрікмен газының импортына қызығушылық танытып отыр. Сәйкесінше,
жұмыс істеп тұрған газ құбырларын кеңейту, сондай-ақ Түркіменстан
Республикасының аумағында газ кен орындарын бірлесіп дамыту шаралары осымен байланысты».

