Жаңа экономикалық саясат Қазақстанның даңғыл даму жолының көкжиегін кеңейтудің негізгі қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Ол үшін ең алдымен, жеке кәсіп иелері мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты бекемдеп, бірлескен іс-қимыл жоспарын бекітіп алу қажет. Президенттің бизнес-қоғамдастықпен кездесуінде айтылған осы басты қағидаттары мен міндеттерді отандық және шетелдік сарапшылар қызу талқылап жатыр. Олар «бизнес пен мемлекет» ынтымақтастық моделі қос тарап үшін де бірдей тиімді деп санайды. Бұл өз кезегінде ірі кәсіп пен билік арасында қалыптасқан әріптестік аясын кеңейту және саланы әртараптандыруға жол ашады. Ал мемлекет үшін бизнес салық түсімдері түрінде табыстың негізгі көзі және елде жаңа жұмыс орындарын құратын субъект ретінде де қажет.
Сергей Домнин, экономикалық шолушы:
- Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынған жаңа моделі ірі бизнес билікпен тең дәрежеде елдің дамуына бірдей жауапты болатынын айқын танытып отыр. Бұл үрдіс барынша ашық болады. Мемлекет оны өз тарапынан толық реттеуі тиіс. Ал бизнес негізгі капиталға инвестиция салуды, жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етуі қажет. Шын мәнінде мемлекет пен бизнес осындай үндестікте бір-біріне демеу жасап, қоян-қолтық жұмыс істеулері керек. Бұл қос тарап үшін де аса тиімді болатын модель екеніне күмән жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, 21 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ірі кәсіпкерлерімен кездесу өткізген болатын. Онда Президент отандық бизнес иелерін отансүйгіштік пен әлеуметтік жауапкершілік танытуға шақырып капитал, тәжірибе, басқару сияқты ресурстарды нарықты жаңаша саралауға және ұлттық экономиканы қайта құруға үндеді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов