Қазақстан мен ШЫҰ елдері арасындағы сауда 30% артуы мүмкін

Қазақстан мен ШЫҰ елдері арасындағы сауда 30% артуы мүмкін

Қазақстан мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің арасындағы тауар айналымы 30% артуы мүмкін. Бұл орта мерзімдегі өзара алыс-берістің  әлеуеті дейді, отандық сарапшылар. Осы болжамды есепке қол жеткізу үшін бірыңғай экономикалық кеңістікте электронды сауданы дамытуға ден қойылмақ. Яғни Қазақстан ұйымға төрағалық ету аясында әріптес елдерді кедендік рәсімдерді жеңілдетуге шақырады. Өз тарапынан деректермен алмасуға қолжетімділікті кеңейту үшін цифрлық инфрақұрылымды жаңғыртуды ұсынады. Мамандар қағазсыз әрі кедергісіз сауданың шарапаты әр елге тиетініне сенімді. Бұл – жол мен уақыт машақатын шешеді. Есесіне тауар айналымы артады.  

Нұрлан Құлбатыров, «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының бірінші орынбасары: 

– Осы басымдықтардың шеңберінде екі үлкен нақты бастамалар бар. Ол сыртқы сауда платформаларын дамыту. Екінші жағдай сыртқы сауда рәсімдерін оңтайландыру. Яғни, өзіңіз білесіз, біздің ел арқылы көлік дәліздері өтеді: «Қытайдан-Еуропаға», «Еуропадан-Қытайға». Сондықтан да, осы материктік Азия бөлігінде теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ елдер үшін сыртқы саудада рәсімдерді оңтайландыру өте маңызды. Қазақстанның басты бағыттары – осы сауда жолдары дәліздерін тиімді қолдану. Яғни, қазақстандық тауарларды кедергісіз барлық нарықтарға жеткізу. 

Мәселен, былтыр ШЫҰ елдеріне Қазақстаннан жалпы құны 30 млрд долларға өнімдер экспортталған. Ұйымның нарықтарына негізінен мұнай, мыс, темір, уран, болат, алтын, табиғи газ бен астық жеткізіледі. Бұл кендердің дені шикізат түрінде немесе жартылай өңделіп жіберіледі.  

Нұрлан Құлбатыров, «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының бірінші орынбасары:

– Еліміз осы төрағалық шеңберінде басты басымдықтары ретінде тек қана шикізаттық сауда емес, өңделген өнімдерді сатуға ниетті. Азық-түлік қауіпсіздігі ШЫҰ шеңберінде жиі талқыланады. Сондықтан біздің ел ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде өңделген ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттауға ниетті. Тек қана бидай ғана емес, сонымен қатар өсімдік майы, өңделген өнім қазір үлкен сұранысқа ие.  

Өткен жылы қазақстанның ұйым елдеріне экспорты бір жарым пайызға жоғарылағанын айта кету керек. Ал жалпы сауда 7% жуық өскен. Ол шамамен 66 млрд долларға жетті.