Ақордада елімізге ресми сапармен
келген Руанда Президенті Поль Кагамені салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапардың тарихи
мәні зор деп бағалады. Сондай-ақ,
екі ел арасындағы қарым-қатынас
жаңа деңгейге шығатынын жеткізді. Тараптар екіжақты саяси,
сауда-экономикалық, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру саласындағы
ынтымақтастықты дамыту келешегін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздің бұл сапарыңыз және алдағы келіссөздер екіжақты
ықпалдастыққа тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды деп ойлаймын. Руанданың
экономикасы қарқынды дамып келеді. Меніңше, өзара байланыстарды нығайта беру
қажет. Өйткені Қазақстан – ішкі жалпы өнім көлемі, ІТ технологиялар мен жасанды
интеллектті дамыту бойынша өңірдегі көшбасшы ел. Бұл біздің өзара тиімді
ынтымақтастығымызды өркендетудің басым бағыттары бола алады.
Бұдан кейін, Мемлекет басшылары кеңейтілген құрамда
келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев
Поль Кагаменің Қазақстанға 2015 жылы жасаған сапарынан кейін екі елдің
қарым-қатынасы айтарлықтай табысқа жеткеніне тоқталды. Президент Руанда Қазақстанның
Африкадағы сенімді серіктестерінің бірі екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
- Бұл ретте халықаралық дәліздердің мүмкіндігін талқыладық.
Келіссөз барысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін
пысықтадық. Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін Африка құрлығына тасымалдау
жолдарын қарастырдық. Елдеріміз озық технология, жасанды интеллект және ғарыш
саласында айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Біз цифрландыру және киберқауіпсіздік
мәселелеріне қатысты ортақ жобаларды қолға аламыз деп келістік. Ғарыш
кеңістігін бірлесіп игеру жөнінде уағдаластыққа қол жеткіздік.
Поль Кагаме, Руанда Республикасының Президенті:
- Екі мемлекеттің сауда, технология және ауыл шаруашылығы
салаларында бір-бірінен үйренері көп. Руанда Қазақстанның энергетика, тау-кен
өнеркәсібі және минералдарды өңдеу салаларындағы инновацияларын игеру арқылы
айтарлықтай пайдаға кенеле алады.
Қазақстан мен Руанда жасыл энергетика саласын өркендетіп, табиғи
ресурстарды тиімді пайдалануға мүдделі. Бұдан бөлек, академиялық байланысты
дамытуға, студент алмасуға, сондай-ақ, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге уағдаласты. Келіссөздер
қорытындысы бойынша мемлекет басшылары бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сапар
аясында 9 құжатқа қол қойылды.

