Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясының Жалпы дебаттарында сөз сөйледі. Жиында тұрақтылықты қалпына келтіру, әлем қажеттіліктерін қанағаттандыру және адам құқықтарын құрметтеу мәселелері қозғалды. Мемлекет басшысы өз сөзінде әлемді жайлаған үш мәселеге, яғни COVID-19-дан кейінгі қалпына келтіру, климаттық дағдарыс пен Ауғанстандағы гуманитарлық жағдайға назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл түрде вакцинаға жаһандық қолжетімділікті арттыру қажеттігін ескертті, сондай-ақ қазақстандық препаратты екіжақты негізде немесе COVAX жүйесі шеңберінде бөлісуге дайын екенін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өткен жылы COVID-19 дертіне 225 млн адам шалдықты. Медицина қызметкерлеріне, ғалымдар мен вакцина өндірісіне атсалысқан мамандарға алғыс білдіреміз. Пандемияның экономикалық және әлеуметтік зардабы ауыр болды. Әлемді жұмыссыздық жайлап, екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің қатары артып барады. Бүгінде 130 млн адам кедейлікте өмір сүреді. Пандемия осал тұстарымызды анықтап, халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ауғанстандағы гуманитарлық жағдайға да тоқталды. Айтуынша, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің келіссөздер жүргізу арқылы бейбітшілікті орнату идеясын қолдайды. Ауғанстанға көмек көрсету бойынша Алматы қаласында арнайы хаб құру бастамасы соның айқын дәлелі. «Қиындыққа қарамастан Ауған халқына қолдау көрсету керек», – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан Ауғанстанға тәуелсіз ел және көрші мемлекеттермен тату болатын егеменді ұлт ретінде қарайды. Ауғанстан халықаралық заңға сәйкес міндеттерін орындап, өз аумағында терроризмнің, есірткі мен адам саудасының жолы кесілгеніне көз жеткізуі тиіс. Саяси көзқарасымызға қарамастан ауған жұртынан теріс айналмауымыз керек. Басты мақсат – гуманитарлық көмек көрсету. БҰҰ-ның агенттіктері мен басқа да гуманитарлық ұйымдардың жұмысына кедергі келтірмейтін әрі қауіпсіз жағдай жасалу керек.