Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық байланысы артып келеді

Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық байланысы артып келеді

Стратегиялық серіктестік пен берік одақтастық. Бұл туралы Қазақстан мен Ресей басшылары шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерде айтты. Екі ел арасындағы ықпалдастық барлық бағыт бойынша белсенді өрбіп келе жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық байланыстарының қазіргі жай-күйіне назар аударды. Президенттің айтуынша, өзара сауда үздіксіз дамуда. Өткен жылы алыс-беріс 27 млрд долларға жетті. Таяу уақытта оны 30 млрд долларға дейін еселеуге мүмкіндік бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Сіздің бүгінгі сапарыңыздың күн тәртібі өте ауқымды. Сапар қарсаңында Үкімет мүшелері кездесіп, біз талқылайтын барлық мәселені пысықтады. Бүгін өте маңызды құжаттарды қабылдаймыз. Бұл 20 келісімнен тұратын құжаттар біздің тату көршілік және серіктестік рухындағы ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға тың серпін береді.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

- Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз және сенімді одақтасымыз. Шағын құрамдағы келіссөз барысында екіжақты байланыстар аясында туындайтын проблемаларға назар аудардық. Ең бастысы, барлық сауалдың жауабын табуға ортақ ұмтылыс бар. Мен екі ел арасында шешілмейтін түйткіл жоқ екенін жақсы білемін. Ал, мұндай ниеттестік үлкен жетістіктерге ұласады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бейнебайланыс арқылы Қазақстан-Ресей ХХ Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына қатысты. Алаң 20 жыл ішінде өзінің тиімділігін бірнеше рет көрсетті. Мұнда бизнес жаңа келісімшарттар жасап, өзара іс-қимыл салаларын анықтайды. Айта кетейік, бүгінде Қазақстанның сыртқы саудасының 20% -ке жуығы Ресейге тиесілі. Республикада 23 мың ресейлік және бірлескен компания табысты жұмыс істейді. Мемлекет басшысы екі елдің түрлі саладағы ықпалдастығының негізгі бағыттарына тоқталды. Президенттің пікірінше, Қазақстан мен Ресейдің отын-энергетика саласындағы ынтымақтастығы мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Тараптар «Қаламқас теңіз», «Хазар» ірі кен орындарын игеруге кірісті. Бұдан басқа, екі ел арасындағы нәтижелі жұмыстарды мұнай-газ химиясы, машина жасау саласындағы іске қосылған зауыттардан да көруге болады.

Ал, форумнан кейін мемлекет басшылары бейнеконференция форматында Омбы қаласында Қазақ ұлттық университеті филиалын ресми түрде ашты. Ресейдегі алғашқы қазақстандық ЖОО филиалына талапкерлерді қабылдау келесі жылдың қыркүйек айына жоспарланған.

Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин БАҚ өкілдеріне бірлескен мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы Ресей Президентінің мемлекеттік сапарын екі ел қарым-қатынасының дамуындағы маңызды кезеңге жол ашатын оқиға деп атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Ресупбликасының Президенті: 

- Келіссөздер барысында экономика мәселесіне баса мән берілді. Стратегиялық салалардағы ынтымақтастықты тереңдету және өзара тауар айналымын одан әрі арттыру негізгі міндет ретінде айқындалды. Бірлескен іс-қимыл жоспары бар. Сонымен қатар Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында екі елдің аймақтары арасындағы және шекара маңындағы ынтымақтастығы жөнінде жаңартылған үкіметаралық бағдарламаға қол қойылды.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

- Жаңа ғана қабылданған Бірлескен мәлімдемеде екі елдің стратегиялық серіктестігін тереңдетуге қатысты асқақ міндеттер қойдық. Олардың жүзеге асуына үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде қол қойылған құжаттар да септігін тигізеді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша мемлекет басшылары Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады. Владимир Путиннің мемлекеттік сапары аясында барлығы 19 Келісім мен Меморандумға қол қойылды. Олар Астана мен Мәскеудің одан әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа деген ниетін көрсетеді.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?